Рейсінен кешіккен қыз FlyArystan әуекомпаниясы қызметкерінің ішінен жұдырықпен салып қалған, деп хабарлайды Alash.kz Azattyq Rýhy сайтына сілтеп.
Компанияның баспасөз қызметі хабарлағандай, 2025 жылдың 14 қаңтарында Алматы – Астана бағыты бойынша FS 7057 рейсінің жолаушысы Алматы халықаралық әуежайында FlyArystan қызметкеріне шабуыл жасаған. Енді жолаушы компанияның «қара тізіміне» енетін болды.
«Жолаушы рейс уақытынан 30 минут бұрын тіркеу бағанына келіп, рейске тіркелгенін растағаннан кейін, тексеру аймағына бағытталды. Алайда жеткіліксіз уақыт қалуына байланысты жолаушы рейске отырғызуға үлгермей қалған. Осы ретте, рейске отырғызу ұшу уақытына 30 минут қалғанда басталатынын және осы уақытта барлық жолаушылардың гейтте болуы қажет екенін еске саламыз.
Осыдан кейін жолаушы тіркеу аймағына қайта оралып, тексеру аймағына бағыт көрсеткен қызметкерге қатысты агрессивті мінез-құлық көрсете бастады. Оқиға барысында ол қызметкердің жеке мобильді телефонын лақтырып, беті мен ішіне соққы жасады және сөзбен қорқытуды жалғастырды. Бұл агрессиялық әрекет бейнекамераларда және куәгерлердің мәлімдемесімен расталған», - делінген хабарламада.