Сербия астанасы Белградта 22 жастағы қазақстандық Амира Қанаттың жұмбақ жағдайда қаза табуына қатысты белгілі адвокат Бауыржан Азанов пікір білдіріп, бұл оқиғада күмәнді тұстардың тым көп екенін жеткізді, деп хабарлайды Alash.kz Ulysmedia-ға сілтеме жасап.
Адвокат қайғылы жағдай орын алмас бұрын бойжеткеннің қасында болған азаматтың видеоүндеуін қарап шыққаннан кейін өз атынан біршама сауалдар туындағанын айтты. Оның пайымдауынша, куәгер келтірген мәліметтер бір-біріне қайшы келеді әрі терең тексерісті талап етеді. Марқұммен қарым-қатынасы мен оқиғаның қалай өрбігені туралы әртүрлі уәж айтқан жігіттің сөздері заңгерде үлкен күмән туғызған.
Бауыржан Азанов:
«Мен осы жігіттің видеоүндеуін көрдім. Адвокат ретінде оған қояр сұрағым өте көп. Қыз неге дәл оның немесе олардың көзінше секіреді? Ол жерде екеуі болған ғой. Сұрақ өте көп. Егер, былайша айтқанда, тергеуді өзім жүргізу мүмкіндігіне ие болсам, бұл екі адамға әлдеқашан бұлтартпау шарасын таңдар едім», – деп өз сөзін ортаға салды.
Сонымен қатар заң маманы істің барлық егжей-тегжейін анықтау үшін объективті, бейтарап тергеу амалдарын жүргізу керектігін баса айтты. Егер қылмыс дәлелденсе, кінәлі тарап заң алдында толық жауап беруі тиіс. Ол құқық қорғау органдарын Амираның өмірінің соңғы сәттерінде қасында болған тұлғалардың әрекетіне мұқият тексеру жүргізуге шақырды.
Ол сөзін ары қарай сабақтай отырып:
«Қыз өте күмәнді, түсініксіз жағдайда қаза болды. Бұл адамға да, оның досына да қоятын сұрақ көп. Бірде қыз олардың қасына өзі келгенін айтады, кейін оны бірге тұратын адамы деп атайды, сосын қайтадан жай танысы болғанын айтады. Жалпы, ештеңені түсіну мүмкін емес. Өте оғаш жігіт», – деп мәлімдеді.
Бұған қоса адвокат:
«Ешбір адам, әсіресе жас қыз, алтыншы қабаттан жайдан-жай секірмейді», – деп кесіп айтты.
Еске сала кетейік, 22 жастағы Қазақстан азаматы Амира Қанат Белградтағы көпқабатты тұрғын үйдің алтыншы қабатынан құлап, көз жұмған болатын. Марқұмның жақындары бұл қайғылы жағдайдың артында қылмыс тұр деп есептеп, істің әділ әрі егжей-тегжейлі тексерілуін талап етуде.
Бұған дейін бойжеткен соңғы күндері аялдаған пәтерде болған азамат өз нұсқасын ұсынып, Амираның балкон қоршауынан өз еркімен асып түсіп, құлағанын алға тартқан еді. Кейін ғаламторда марқұмға тиесілі делінген жеке күнделік беттерінің суреттері жарияланды, бірақ қыздың туыстары бұл жазбалардың түпнұсқа екендігіне күмән келтіріп отыр.
Бұдан бұрын ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Сербиядағы елшілігі жергілікті құқық қорғау құрылымдарымен бірлесе отырып, оқиғаның толық мән-жайын анықтап жатқанын хабарлаған еді. Дипломаттар марқұмның отбасымен тұрақты байланыста болып, қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетуде.
Қазіргі сәтте Сербияның тергеу органдары тексеру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Амира Қанаттың өлімінің нақты себебі немесе күдіктілердің бар-жоғы жөнінде ресми мәліметтер әлі жарияланған жоқ.