Қазақстан мен Марокко арасында сотталған азаматтарды өзара қайтару туралы келісімге қол қойылды. Бұл құжаттың негізгі мақсаты – шетелде сотталған адамдарға өз елінде жазасын өтеуге мүмкіндік жасау.
Отырыстан кейін кулуарда журналистер Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтен Ақжарқын Тұрлыбай ісіне қатысты сұрақ қойды, деп жазады Alash.KZ сайты Ұлысқа сілтеме жасап.
Оның айтуынша, Ақжарқын Тұрлыбай ісі Бас прокуратураның тұрақты бақылауында, сондай-ақ Нигерия азаматы Адинду Нонсо Фортунаны экстрадициялау бағытында тиісті шаралар жалғасып жатыр.
– Бұл және осыған ұқсас істер біздің назарымызда. Мәселе толық шешімін тапқанға дейін жұмысты тоқтатпаймыз. Қазіргі уақытта Интерпол іздеудегі азаматтың нақты қай жерде екенін анықтап жатыр. Ол белгілі болған соң, экстрадиция рәсімі басталады, – деді Ғалымжан Қойгелдиев.
Сондай-ақ ол кейде кейбір мемлекеттер тарапынан жауап кешігіп жататынын, мұндай жағдайда Бас прокуратура дипломатиялық арналар арқылы еске салу хаттарын жолдайтынын атап өтті.
Сенатор Геннадий Шиповских та Ақжарқын Тұрлыбайдың ісіне тоқталып, келіссөздердің күрделі жағдайда өтіп жатқанын айтты.
– Ақжарқын Тұрлыбай мәселесі біраз уақыттан бері бірнеше депутаттың бақылауында. Қазіргі таңда Бас прокуратура мен Сыртқы істер министрлігі бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Шынында да, келіссөздер оңай емес, өйткені Қытайдың заңдары өте қатаң. Соған қарамастан, мәселенің оң шешім табатынына сенеміз. Айта кету керек, әр елдің өз заңы мен салты бар, – деді ол.
Анықтама үшін:
Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы Қытайдың Гуанчжоу әуежайында ұсталып, есірткі тасымалдады деген айыппен өмір бойына бас бостандығынан айырылған. Кейін ол жазасын Қазақстанда өтеу туралы өтініш білдірген. Қазір бұл бағытта Бас прокуратура мен Сыртқы істер министрлігі жұмыс жүргізіп келеді.
