Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Қытай компаниясы тарихи мұрамызға залал келтіруі мүмкін” - Түркістан облысында археологтар дабыл қақты

11:48, 26 қыркүйек 2025 130

Түркістан облысында қытайлық компания қатысуымен қолға алынған ірі жобаның төңірегінде дау өршіп тұр. Археологтар “Көксу өзенінде салынатын ГЭС каскады тарихи мұраға қауіп төндіреді” деп дабыл қақты. Бұл туралы Alash.KZ ұлттық порталы хабарлайды.

Мәселе бірнеше ай бұрын басталған еді. Қоғамда талқы басылғандай болса да, қайта өршіп отыр. Алматыда өткен баспасөз конференциясында археологтар мен қоғам белсенділері билікке үндеу жасап, жобаны қайта қарауды талап етті.

Сөз алған Түркістан облыстық тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау комиссиясының мүшесі Серік Ақылбектің айтуынша, өңірде былтыр ауқымды мақта шаруашылығы жобасы іске қосылған. Ол қытайлық Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd. компаниясының қатысуымен жүзеге аса бастаған.

Жоспарға сәйкес, мақта кластері өңірге 200 миллиард доллар инвестиция тартуы тиіс болған. Бұл аясында Түркістан облысында 10 зауыт салу қарастырылып, инвесторларға Арыс пен Отырар аудандары аумағынан 60 гектар жер бөлінген. Ол жерлер жайылым санатынан суармалы алқапқа ауыстырылыпты.

Алайда дәл осы аумақта көптеген тарихи ескерткіштер мен мәдени мұра нысандары бар. Археологтардың айтуынша, заңға сәйкес, мұндай жағдайда міндетті түрде тарихи-мәдени сараптама жүргізілуі тиіс еді. Бірақ ол жасалмаған.

Мамандардың пікірінше, мұндай жобалар экологияға да теріс әсерін тигізуі ықтимал. Су ресурстарының теңгерімі бұзылып, жергілікті ауыл шаруашылығына залал келуі мүмкін. Қазір бұл дауға қатысты пікірлер әртүрлі. Бір тарап жобаны инвестициялық серпін деп бағаласа, екінші тарап тарихи-мәдени мұраның орны толмас шығынын алға тартады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар