Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қырғыз бен тәжік арасы шиеленісіп кетті

04:32, 17 қыркүйек 2022 209
Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасының даулы аудандарындағы қақтығыс кезінде ондаған адам қаза болды. Ақпаратқа қарағанда, тәжік ауылына шабуылда әскери дрон пайдаланылған. Қырғыз жағы тәжік әскерінің танк, миномет және өзге де ауыр қару түрлерін пайдаланғанын мәлімдеді.

Адам шығыны туралы мәлімет Қырғызстан мен Тәжікстан басшыларының атысты тоқтату туралы келісімінен кейін де түсіп жатты.

Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қақтығыс нәтижесінде 24 адам қаза болған, 87 адам жараланған. 17 қыркүйекте таңертең жараланғандардың бесеуі бала екені хабарланды. Олар Бішкекке емдеуге жіберілген.

Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) басшысы Қамшыбек Ташиев атыс тоқтағанмен жағдай ушыққан күйі қалғанын мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, қаза болғандардың басым бөлігі – әскери қызметкерлер.

Тәжік жағы Бободжон Гафуров ауданына қарасты Овчикалача ауылындағы мешітке соққы жасалғанын хабарлады. Азаттықтың Тәжік қызметіне оқиға орнынан түсірілген видео жеткен.

Овчикалача тұрғыны Ахрор Нематов Озоди радиосына ондаған адам қаза болғанын және жараланғанын айтты. Жергілікті шенеунік мешітке соққы жасалғанын да растады. Ол билік жергілікті халықты эвакуациялап жатқанын айтты.

"Азия-Плюс" ақпарат агенттігі Телеграм арнасында қырғыз дронының шабуылы салдарынан адамдар жараланғанын жазды.

"Атысты тоқтату туралы хабардан кейін жұрт көшеге шықты, осы уақытта дронмен халыққа соққы жасалды" деді тұрғындар.

Озоди радиосына жіберілген видеода жерде алты мәйіттің жатқаны көрінеді. Соғды облысында жүрген журналист видеоның Овчикалача ауылында түсірілгенін растады.

Тәжікстан билігі қырғыз жағын "жағдайды қайта ушықтырды" және "бейбіт тұрғындарға дронмен соққы жасады" деп айыптады.

Екі дереккөздің хабарлауынша, 16 қыркүйекте кешке дрондар Ходжа Ало ауданында да пайдаланылған.

Қырғыз билігі айыптауларға түсініктеме бермеді.

Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Ербол Сұлтанбаевтың айтуынша, президент Садыр Жапаров пен тәжік әріптесі Эмомали Рахмон Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінде жағдайды талқылаған. Басшылар атысты тоқтату туралы келісім жасасып, шекараға делимитация және демаркация жасау жөніндегі ортақ комиссия жұмысын жалғастыру туралы келіскен.

Кейін Жапаров Бішкекке ұшып келіп, Қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс отырысын өткізді.

Қырғызстан шекара қызметі атысты тоқтату туралы келісімге қарамастан қақтығыс жалғасып жатқанын хабарлады.

"Тәжік жағы келісімді бұзып, Лейлек ауданындағы Кулунду және Жаны-Жер елді мекендеріндегі қырғыз шекарашыларының бекеттерін атқылады" деді шекара қызметінің өкілдері. Олардың айтуынша, тәжік жағы Баткен облысында дүркіндетіп ататын зымыран жүйесін қолданған.

Қырғызстан шекара қызметі тәжік жағын танк, бронды техника және миномет қолданды деп айыптады. Бішкектің хабарлауынша, 16 қыркүйекте таңертең тәжік жағы Баткен қаласы маңындағы елді мекендерді атқылаған. Азаматтық инфрақұрылымдарға снарядтар түскен.

Орталық Азиядағы шекара мәселелерінің едәуір бөлігі совет кезеңімен байланысты. Ол кезде Совет өкіметі "экономикалық мүдде үшін" деп бір республика жерін екіншісіне оңды-солды табыстай берген. 16 қыркүйекте Мәскеу тараптарды атысты тоқтатуға үндеді.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар