Шымкентте 8 жасар қызға тиісіп, өз пәтеріне алып кетпек болған 56 жастағы ер адамға қатысты сот жарыссөзі аяқталып, прокурор оны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқиға 28 сәуірде көпқабатты үйдің кіреберісінде болған. Айыптау актісіне сәйкес, ер адам кішкентай қызды құшақтап, денесіне қол тигізіп, сүйген және өз пәтеріне қарай алып кетпек болған, алайда бала оның қолынан жұлынып шығып, үйіне қашып үлгерген.
Бастапқыда тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 124-бабы («Жас балаларға қатысты арсыздық әрекеттер жасау») бойынша жүргізіліп, кейін іс 121-1-бапқа («16 жасқа толмаған адамға сексуалды сипатта тиісу») қайта сараланған. Алғашқы сот сатысы айыпталушының II топтағы мүгедектігі мен өкініш білдіргенін ескеріп, оған 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салған, ал қамауда отырған уақытын есептей келе бұл соманы 216 250 теңгеден 147 мың теңгеге дейін азайтқан.
Жәбірленуші тараптың шағымынан кейін апелляциялық алқа бастапқы үкімнің күшін жойды. Істі қайта қараған прокуратура айыптауды қайтадан 124-бапқа ауыстырды. Қазіргі уақытта прокурор айыпталушыға 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраса, жәбірленуші тараптың адвокаттары 10 жыл берілуін талап етуде.