Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Құны 1,8 млрд теңгеден асады». «АрселорМиттал Теміртау» зауытындағы ірі ұрлық туралы тың дерек шықты

11:13, 26 желтоқсан 2025

Қазақстанның Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) «АрселорМиттал Теміртау» зауытында болған ірі көлемдегі ұрлық фактісі бойынша тергеу жүргізуде, деп хабарлайды Alash.kz.

Күдікке «АлбаСтройДор» ЖШС директоры С.Г. Ким ілініп, қазіргі уақытта екі айға қамауға алынды. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, қылмыстық схема 2015 жылдан бастап жұмыс істеген. Сол кезде кәсіпорын домна қожын қайта өңдеу туралы келісімшартқа отырған, алайда өңделген өнімді сатуға немесе иеліктен шығаруға құқығы болмаған. Осыған қарамастан, компания басшысы зауыттың өндірістік нысандарына еркін кіру мүмкіндігін пайдаланып, домна қоспасы мен кесекті шойынды заңсыз сыртқа шығаруды ұйымдастырған.

Ұрлықтың ауқымды болуына күзет қызметінің де қатысы бар болып шықты.

«Ұрланған мүлікті кедергісіз алып шығу үшін схемаға «Күзет 2050» ЖШС тартылған. Күзетшілер автокөліктердің зауыт аумағына бақылаусыз кіріп-шығуын қамтамасыз етіп отырған», - деп хабарлады құзырлы органдар.

Мәлім болғандай, С.Г. Ким ұрланған шикізатты өзіне қарасты «ГлобалСпецТорг» және «ЦентрОптСнаб» ЖШС-лары арқылы заңдастырып, саудалап келген. Жалпы алғанда, зауыттан құны 1,8 млрд теңгеден асатын 31 мың тоннадан астам өнім жымқырылған.

Қазіргі таңда аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасуда.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар