Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Құлсарыға бағыт алған 60 адамдық автобус отқа оранды

20:00, 16 маусым 2025 766

Атыраудан Құлсарыға бара жатқан жолда автобустың қозғалтқышы өртеніп, жолаушылар далаға қашып шықты, деп хабарлайды ALASH.KZ.

16 маусым күні «LavaTrans» компаниясына тиесілі жолаушылар автобусы Атырау – Құлсары тас жолында өртеніп кете жаздады. Куәгерлердің айтуынша, автобус таңғы сағат 10:00-де жолға шыққан, алайда Доссор кентіне жете бергенде автобустың артқы бөлігі, нақтырақ айтқанда қозғалтқыш бөлігі отқа оранған.

Оқиға кезінде жолаушылар үрейленіп, автобустан жаппай сыртқа шығып, далада қалған. Олар байланыссыз және көмекке зәру күйде тас жолдың бойында тұрып қалды.

Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген бейнежазбалар тарады. Онда жолаушылардың жүкпен жол шетінде тұрғаны, ал кейбірінің көліктен алысырақ кеткені байқалады. Сондай-ақ, автобус билеттерінде көрсетілген байланыс нөмірлері істемей тұрғаны, компания тарапынан ешкім байланысқа шықпағаны айтылды.

Кейінірек «LavaTrans» компаниясы жағдайға қатысты түсініктеме берді. Олардың мәліметінше, сағат 10:50 шамасында Yutong маркалы автобуста техникалық ақау орын алған. Сағат 11:10-да оқиға орнына резервтік автобус жіберілген.

Компанияның хабарлауынша, жаңа автобусты күтпей, жолай өткен көліктерге отырып кеткен жолаушыларға билеттің толық құны қайтарылады.

– Техникалық бригада ақауды сол жерде жойды. Кейін автобус қосымша тексеріс үшін автопаркке жеткізілді. Бұл оқиға жолаушылардың қауіпсіздігіне әсер еткен жоқ және қысқа уақыт ішінде шешімін тапты, – деп мәлімдеді «LavaTrans» ЖШС.

Дегенмен, оқиғаға куә болған жолаушылар қатты алаңдаулы. Олар автобустардың техникалық жағдайына бақылауды күшейтуді, сондай-ақ мұндай төтенше жағдайларда жедел көмек қызметтерімен байланыс сапасын арттыруды талап етуде.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар