Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының тумасы Медина Бектұрсынқызы халықаралық деңгейде жоғары академиялық нәтиже көрсетіп, АҚШ, Канада, Ұлыбритания, БАӘ, Түркия және Еуропа елдерінің жетекші университеттерін мойындатты, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, шетелдік білім ордалары қазақстандық оқушының көшбасшылық қабілеті мен қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуын ерекше атап өткен. Медина халықаралық IELTS және SAT емтихандарын үздік тапсырып қана қоймай, республикалық «Ой зерек» олимпиадасының жеңімпазы атанған. Сондай-ақ ол жасанды интеллект бағытына арналған ғылыми жұмысымен ағылшын тіліндегі республикалық конференцияда бас жүлдені иеленген болатын.
Өзіне жолданған ондаған тиімді ұсыныстардың ішінен бойжеткен Оңтүстік Кореяда орналасқан әйгілі Inha University-ді таңдап алды. Ол шетелде меңгерген заманауи білімі мен жинақтаған тәжірибесін алдағы уақытта Отанымыздың дамуы мен Қазақстанның игілігіне жұмсауды мақсат етіп отыр.