Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қуанышты күнің, Жаңа Жылың құтты болсын, қазақ! - Міржақып Дулатұлы

15:21, 22 наурыз 2024 386
Жер жүзіндегі жұрттардың бәрінің де түрлі-түрлі мейрамдары болады. Мәселен, дін мейрамы, ұлт мейрамы, мемлекет мейрамы секілді. Өзгелерді былай қоя тұрып, өзіміздің сыбайласымыз орыс жұртын алсақ, бұл туралы қазақтың мақалы да бар: «Орыста мейрам көп, қазақта айран көп».

Біздің қазақ айранға бай болға­нымен, мейрамға жарлы екендігі осыдан да көрінеді. Жалпы мұсылман жұрттарына ортақ жылына екі рет келетін ораза, құрбан айттарын есепке алмағанда, біздің қазақ-кырғызда жалғыз-ақ мейрам бар, ол – Наурыз.

Наурыз қазақтың шын мағына­сындағы ұлт мейрамы. Наурызды қазақтан басқа Күншығыс жұрт­тарының көбі, мәселен, Үнді­стан, Иран, Ауған, Бұхар, Кавказ, Түркіс­тан­дықтар да мейрам етеді. Бірақ, бұлардың бәрін салыстырғанда Нау­рызды біздің қазақтың мейрам етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді. Неге десеңіз, марттың ескіше 9-нда, жаңаша 22-інде күн мен түн теңеледі, қыс өтіп, жаз жетіп, шаруа кенеледі. Қыс бойы ақ кебінін жамылып өлім төсегінде жатқан табиғаттың, жанды, жансыздың тірілуі кімнің болса да көңіліне шаттық беретіні анық болса, тіршілік жағынан қыстың өтуіне, жаздың жетуіне қазақтан артық тілектес, қазақтан артық қуанатын ел жоқ деуге сыяды.

Тіршіліктің арқауы алдыменен та­мақ. Дүние жаратқаннан бері жанды-жансыз­дың бәрінің талас-тартысы, шы­нын айтқанда, тамақ үшін, күн көруі – алдын­дағы айдап өсіріп жүрген малының аман­­дық, жамандығымен байлаулы. Өнері, кәсібі, зауыты, фабрикасы бар, табиғатты қолданған мәдениетті елдер қыстың қысымын қазақтай көрмейді. Болмашы боранға, жауын-шашынға, топтанған бұлтқа, ауысқан желге, керек десе, жаңа айдың қалай туғанына шейін қазақтың зор мағына беруі әшейін еріккеннен тапқан ермегі емес, қыстың ауыр я жеңіл өтуінен тіршілігі өзгеретін, жеңіл болса құт, ауыр болса – жұт болатындығын байқаған тәжірибеден шыққан нәрсе.

Дұрысында, қазақтың тамағы да, киімі де, үйі де, күйі де, көлігі де, отарбасы да, телеграфы да, телефоны да мал емес пе? Малсыз қазақтың күні бар ма? Сол малын аман сақтау үшін қысқы аязда, ызғырық боранда бейнет шегіп, еңбек сіңіріп, малымен бірге жатып, бірге тұрып, бірге жүріп, бірге ығып, қыс қандай қысылса, жаз сондай жазылатын, жадырайтын ша­руашыл, еңбекшіл қазақ қыстың өткеніне, жаздың жеткеніне калайша өзге­лерден артық қуанбасын, жаздың басы жаңа күн – Наурызды қалайша мейрам етпесін.

Соңғы жылдар қазақтың шаруасын күйзелтіп, байтақ елі ашаршылыққа ұшы­рап, ойын ойнап, тойын тойламақ түгіл, барар жер, басар тау таба алмай дағдарған еді. Енді, шүкір, аздап заман түзеліп, шаруасы оңалуға айналғаннан кейін, оның үстіне биылғы қыс әр жерде жеңіл болып, жұрт алдырмай-шалдырмай аман-есен жазға жетіп отыр. Сондықтан, бұл Наурыз ел-елде қуанышпен қарсы алынып, шаруаның бір малы екеу болып, көңілі өсіп, жасы үлкендер құшақтасып көрісіп, жаңа өспірім жас буын қуанысып күлісіп, жанның бәрі дүнияға жаңа келгендей мәз-мәйрам болса керек.

Мұнан былайда, бұ күнгі күнді жыл сайын осындай қуанышпен қарсы алып, ойнап-күліп өткізу үшін қазақ елі ерінбей еңбек сіңіріп, мезгілін өткізбей егін егіп, пішен шауып, күн ілгері қамыңды же. Сонда ғана былтырғы, бұрнағы жылдардай қан жыламай, алдағы Наурыздарды да шын мейрам, шын шаттықпен өткізесің.

Қуанышты күнің, Жаңа Жылың құтты болсын, қазақ! Дүниеге көрік берген, шырайы жылы жыл басы – Наурыз, қош келдің!

Мадияр, «Еңбекші қазақ», 1923 ж. № 75.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар