Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қостанай имамының ісі: Бас мүфти ауыса ма?

09:31, 29 шілде 2024 546

Алкоголь ішіп, түнгі клуб жанында ұсталған Қостанайдағы имам Бас мүфтидің ауысуына ықпал етуі мүмкін бе? Бұл туралы Alash.KZ сайты DALA INSIDE дереккөзіне сілтеме жасап хабарлайды.

Келесі аптада Қазақстан мұсылмандарының мерейтойлы, Х құрылтайын тезірек ұйымдастырып, Бас мүфти Наурызбай Өтпеновты ауыстыру бойынша жабық консультациялар басталмақ деп жазды телеграм дереккөзі.

Дәстүрлі исламның позициясы төмендеп, интернет, әлеуметтік желідегі радикалдардың қазақтың дәстүріне, ұлттық аспаптарына шабуылы күшейгенде Сенат пен "Сол жағалау" тарапынан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына "жұмысты күшейту, белсендірек болу" туралы өтініштер бірнеше рет айтылған көрінеді.

"ҚМДБ инертті, сылбыр, өз ұстанымын батыл жеткізе алмайтын ұйымға айналды. Қазір олар Қазақстандағы ислам мәселесін бақылаудан шығарып алғаны байқалады. Радикалдардың исламды қазақтың ұлттық құндылықтарына қарсы қоюы діннің позициясын әлсіретіп, тәңіризмге негізделген жаңа ағымдардың пайда болуына алып келді", - депті телеграмарна дереккөзі.

Қостанайдағы бас имам Тәжімбет Бахытбектің алкоголь ұрттап, түнгі клубтың жанында көлік рөлінде ұсталғаны исламның беделіне ауыр соққы болуы мүмкін. Қазір сот үкімі шығып, имам 15 тәулікке қамалды және 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылды.

Соңғы 10 жылда Қазақстанда үш бас мүфти ауысты. ҚМДБ тізгінін 2013-2017 жылдары Ержан Маямеров, 2017-2020 жылдары Ораз Серікбай ұстаса, 2020 жылдан бері Наурызбай Өтпенов бас мүфти қызметін атқарып келеді.

Келесі құрылтай 2025 жылдың басында өтеді деген жоспар болған. Бірақ жабық консультациялар нәтижесінде мұсылмандардың кезектен тыс құрылтайы одан ерте шақырылуы да ғажап емес көрінеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар