АҚШ Президенті Дональд Трамп Fox News телеарнасына берген эксклюзивті сұхбатында Иранмен арадағы келіссөздердің барысына тоқталып, ресми Тегеранның ядролық бағдарламадан бас тартуға келісім бергенін жеткізді, деп хабарлайды Alash.kz.
Ақ үй басшысының сөзінше, қос тарап өзара тиімді әрі «жақсы келісімге» келуге өте жақын. Дегенмен Вашингтон келіссөздер процесін әдейі асықтырмай, Америка Құрама Штаттары үшін барынша оңтайлы шарттарға қол жеткізуді көздеп отыр. Сұхбат барысында Америка лидері мәселенің бейбіт жолмен шешілгенін қалайтынын, бірақ балама нұсқалардың да дайын екенін ашық ескертті. Ол өз мәлімдемесінде:
«Біз өте жақсы келісімге жақынбыз. Егер оған қол жеткізсек, керемет болады. Ал егер олай болмаса, онда біз қайтадан әскери министрлікті іске қосамыз», – деп қатаң позиция ұстанды.
Трамптың түсіндіруінше, алғашқы кезеңде Иран тарапы тек ядролық қару жасамайтынын айтумен шектелген. Алайда АҚШ тарапынан мұндай қару-жарақты өзге елдерден сатып алу мүмкіндігі туралы нақты талап қойылғаннан кейін, келісімнің негізгі тұжырымы өзгерген. Жаңа шарттарға сәйкес, Иран әскери мақсаттағы ядролық қаруды өзі әзірлемей қана қоймай, оны қандай да бір сыртқы жолдармен сатып алмау туралы да қатаң міндеттеме жүктеуге келісіп отыр.