Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Қоғамға тықпалаудың қажеті жоқ…» - Еділ Жаңбыршин ЛГБТ туралы пікірі үшін сотқа тартылды

13:28, 16 қаңтар 2026

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин мен Виталий Шевченко арасындағы сот процесі басталды, деп хабарлайды Alash.kz. 

Даудың туындауына Facebook желісіндегі «ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салу» туралы заң жобасына қатысты пікірталас себеп болған. Шевченконың айтуынша, халық қалаулысы пікір қалдыру барысында оның ар-намысына тиетін қорлайтын сөздер қолданған.

Сот материалдарына сәйкес, талапкер өзі кездескен кемсітушілік пен мектептегі буллинг туралы жазғанда, депутат оған қатаң жауап қайтарған. Еділ Жаңбыршин мен  Виталий Шевченконың әлеуметтік желідегі диалогы былай өрбіген (орыс тілінен аударған):

Шевченко: 

Мен мектепте оқып жүргенде сіз сияқты адамдар 6-сыныптан 11-сыныпқа дейін гомофобияға байланысты мені буллингке ұшыратты. Қазір жасым 42-де, ал сіз бүкіл елді буллингке ұшыратып отырсыз. Сіз мәжілісмен емес, құбыжықсыз. Масқара!

Жаңбыршин:

Үйде не істесең де өзің біл, бірақ ЛГБТ-ны насихаттаудың, қоғамға тықпалаудың қажеті жоқ. Тыныш әрі бейбіт өмір сүр, бұл туралы қоразданудың (айғайлаудың) керегі жоқ! Сен адамзаттың масқарасысың!

Виталий Шевченко бұл сөздерді жеке басын қорлау және адамдық қадір-қасиетін кемсіту деп есептейді. Ол соттан депутаттың бұл пікірін заңсыз деп танып, оны көпшілік алдында кешірім сұрауға міндеттеуді талап етіп отыр. Сот тараптарды бітімгершілікке шақырғанымен, екі жақ та мәмілеге келуден бас тартқан. Енді сот шешімі депутаттың пікір білдіру еркіндігі мен жеке тұлғаны қорлау арасындағы шекараны анықтайтын болады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар