Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қырғыз олигархы Райымбек Матраимов Бакуде ұсталды

10:46, 27 наурыз 2024 340

Қырғызстанның кеден қызметі басшысының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимов Бакуден Бішкекке экстрадицияланды деп хабарлайды alash.kz сайты Kaktus.media-ға сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, Матраимов үкіметтік ұшақпен жеткізілген. Оның қасында «Ошгаз» кәсіпорны директорының бұрынғы орынбасары Тілек Матраимов та болған.

Сонымен қатар, әлеуметтік желіде Матраимовтың Бішкекке келе жатқан сәтінен суреттер тараған. Бірінде Матраимовтың қолына кісен салынған болса, екінші суретте ер адам ұшақтан түсіп келе жатады.

Айта кетейік, биыл қаңтардың соңында Райымбек Матраимовқа іздеу жарияланып, оның миллиардтаған сом деп бағаланған жылжымайтын мүліктері мемлекетке берілген болатын.

Райымбек Матраимов Қырғызстан кеден қызметі басшысының бұрынғы орынбасары болған. 

23 наурызда Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Бішкекте Қырғызстан басшылығына қастандық жасамақ болған трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың бес мүшесі ұсталғанын хабарлады. Комитет олардың барлығы Әзербайжаннан келгенін қосты. Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Матраимовтың ұсталғандармен байланысын анықтады.

Біраз уақыттан кейін комитеттің баспасөз қызметі қосымша мәлімдеме жасап, онда іздеуде жүрген қырғыз олигархы Райымбек Матраимов Әзербайжан астанасы Бакуде жүргенін хабарлады. Ал оны ұстау және одан әрі Қырғызстанға экстрадициялау мәселесі Әзербайжанның құқық қорғау органдарымен талқыланды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар