Тоқаев Қазақстанда таяу арада үш атом электр стансасы салынуы мүмкін екенін жеткізді, деп жазады Alash.KZ.
"Владимир Путиннің Астанаға сапары кезінде бұл мәселе де талқыланды. Жобаға тапсырыс беруші ретінде Қазақстан жағы Консорциумда бас оператор болады деп уағдаластық. Атом стансаларын салуға байланысты шетелдерде тәжірибесі мол, білігі жоғары "Росатом" компаниясының жобаға қатысуы мүмкін екені айтылды.
Сондай-ақ Қытайдың азаматтық мақсатта қолданылатын ядролық нысандар салу ісіндегі зор жетістіктері ескеріле отырып, осы елдің компаниясымен де келіссөз жүргізіліп жатыр.
Жобаға басқа да мемлекеттердің, оның ішінде Батыс елдерінің корпорациялары қызығушылық танытып отыр.
Биыл конкурстық рәсімдер өткізіледі. Содан кейін Үкімет түпкілікті шешім қабылдайды. Қазақстанға қуатты атом стансасы қажет екені анық, мен бұған сенімдімін. Оған қоса, таяу арада екінші, тіпті үшінші атом электр стансасын салуымыз мүмкін екенін жоққа шығармаймын.
Ядролық өнеркәсіп саласы қазірдің өзінде энергетика тапшылығына тап болып отырған экономикамызды өркендетуге зор серпін береді. Қазақстан ядролық энергетикасы дамыған елге айналуы қажет деп санаймын. Оның болашағы зор.