Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қазақстан – татулық пен тұрақтылық темірқазығы!

09:15, 02 қазан 2023 185
Қазақстан!

Пай, пай, пай!

Ардағым-ай!

Сен менің Шолпанымсың, жанған ұдай.

Өзіңде өмір сүрген қандай бақыт,

Өлмейтін махаббатым, арманым-ай!...

Бұл қаламымен қарашаның қамын күйттеп, қазақ поэзиясында өзіндік сүрлеу салған ақиық ақын М.Мақатаевтың жан тебіренісінен туған жауһарларының бірі. Расымен, шаһбаз дүниелерді тудыру шайырға ғана тән қасиет болса керек. Ал осы өлеңнің астарына үңілер болсаң, ондағы айтар ойдың алуандылығына еріксіз иланасың...

Жасыратыны жоқ, қазақтың жері қандай кең болса, пейілі мен көңілі де сондай кең, жомарт қой, шіркін! Осы пейілімізден айырмағай біздің. Қолындағы барын қонағының алдына тосып, мәрттік пен сыйласымдылықтың көрінісін көрсете білдік. Бабаларымыздың соқпағынан жаңылмадық. Мұқым әлемге мейірмандығымыз бен кеңпейілдігіміздің арқасында мәшһүр болып, бірлік туы астындағы тұғырымызды теңселтіп көрмедік. Кәрі құрлықтың қақ ортасынан қара шаңырағының қазығын қаққан Қазақстанның даму даңғылындағы басты құндылығы осыдан да болар. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда бүгінгі күні тірліктері бөлек болғанымен, тілектері бір арнада тоғысқан жүздеген этнос өкілдері береке мен бірліктің алтын бесігінде тербелуде. Осы ретте елімізде жүргізіліп жатқан сарабдал саясат қалың бұқараның ауызбірлігі мен ымырашылдығына қарай бағытталып отырғанын аңғарамыз. Тарихқа көз тастасаңыз да, қаймана қазақтың адамдарды ұлты мен сеніміне қарай бөлмегенін көресіз. Ата-бабасынан жалғасқан аталған үрдісті Алаш елі бүгінгі күні де жалғастырып келеді. Аз уақыттың ішінде құшағына түрлі ұлыс пен этнос, дін өкілдерін сыйдырып, бір атаның баласындай ғұмыр кешуіміздің өзі біздің қандай текті ұрпақ екенімізді аңғартады емес пе?! «Тегіне тартса, текке кетпейді» деген мысал да осыдан пайда болса керек. Ендеше біз сол бабаларымыздың даңғыл жолынан тайқымай, бітімгершілік пен сыйласымдылық қағидаттарымызды сақтап қалуымыз керек.

Арғы тамыры туралық пен татулыққа байланған әрбір ұлт үшін бейбітшіліктен асқан бақыт жоқ. Тұрақты күнді аңсаған елдер қаншама?! Қаншамасы аспаннан жауған оқтан зәразап болып, снаряд үнінен мез-зең болып жүр?! Соғыс пен бүліктен көз ашпаған елдер қаншама? Ал енді біздің жағдайымызға аз-маз көз тастап көрейікші. Жаратқанның шексіз мейірімінің арқасында шекарамызға сұғанақтаған жау мен оның сыртындағы даудан аманбыз. Әрине, әркім де болса өз елінің, жерінің өсіп-өркендеуін аңсайды, өз халқының ашық аспан астында алаңсыз ғұмыр кешуін тілейді. Алайда, сол алаңсыз тірлік кешу үшін де бір идея төңірегінде топтаса білуіміз шарт. Табиғатымыздағы татулық деген ұстынымызды ұсақтатпай, береке мен бірлікті даму темірқазығымыз еткеннен асқан бақыт бар ма?!...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі халыққа арнаған Жолдауында бүгінгі күннің ең басты мәселесі саналатын «ел бірлігіне» баса назар аударды. «Ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы. Жаһанды тұрақсыздық жайлап, көптеген жаңа сын-қатер пайда болып жатқан кезде біз бағдарымызды бекемдеп, болашаққа көзқарасымызды айқындай түсуіміз қажет», – деген Президент тұжырымы Отанын сүйген әр азаматтың жүрегінен орын тебуі керек. Қазіргі күні құшағымызға 130-дан астам этнос пен 20-ға жуық конфессия өкілдерін сыйдырып, тату да тәтті өмір кешіп келеміз. Кеңпейілдігіміз бен қонақжайлығымыздың арқасында егемен еліміз бірлік пен достықтың алтын ордасына айналды. Осы уақыттың ішінде айдай әлемге дінаралық келісім мен ұлтаралық татулықтың темірқазығы екендігімізді әйгіледік. Этносаралық қатынастардың үйлесімді дамуы Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты бағытының бірі болған, әрдайым солай болып қала береді. Біз әлемнің басқа мемлекеттері үшін ұлтаралық келісімнің, тұрақты дамудың үлгісі бола алдық. Сонымен қатар, дүниежүзіне этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделін паш ету, ел ауызбірлігі үшін ең қажетті құндылықтарды қалыптастыру еліміздің дамуының негізі болып табылады. Ұлтаралық келісім де үнемі мемлекеттік саясатымыздың негізі болып келеді.

Бүгінгі таңда әлем бойынша түрлі қақтығыстар мен тұрақсыздықтардың барлығы дерлік ұлттар мен діндер өкілдерінің арасындағы қарама-қайшылықтардан, өзара түсіністіктің жоқтығынан туындап жатқанын ескерсек, еліміздегі ауызбіршіліктің маңызы зор екенін түсінеміз. Кезінде талай сарапшылардың елімізді «көп ұзамай-ақ өзара түсініспей, мемлекетті құлатып тынады» деп, «ұлттар лабораториясы» атандырып, ертеңімізге күмәнді болжам айтқанымен, ел бола алатынымызды дәлелдедік. Тіпті, бүгінгі күні еліміздің өз бірлігін сақтап қана қоймай, әлем халқына тұрақтылықты, бейбітшілікті насихаттап, бірнеше жыл қатарынан саяси маңызды халықаралық жиындар өткізуге мұрындық болып, діндер мен ұлттар арасында түсіністіктің қалыптасуына ықпал еткен бірегей тәжірибелі елге айналуымыз талай елдің ерекше қызығушылығын тудырып отыр.

Әрқашан ел ішінде ғана емес, әлемде бейбітшілікті, ауызбіршілікті қолдаған елдің ертеңі жарқын болары сөзсіз. Этносаралық мәселелерді әрқашан әділетті түрде шешіп, еліміздегі барша ұлт пен ұлыстың көңілін табу арқылы, ел егемендігін сақтап, еліміздің дамуына тиімді жағдай жасай алдық. Бүгінгі күні бұл ұстанымымыздың дұрыс болғанын көріп отырмыз.

Қай заманда болмасын, біздің өмірлік тәжірибемізде бірлік пен татулықтың мән-мағынасы орасан зор. Қазақ өз тарихында бірліксіз тірлік қылғанда ғана қапыда қалып отырды. Бірлік адамдар арасындағы ынтымақтың, жарасымды татулықтың көрінісі, ел болудың бірден-бір алғышарты. Ол белгілі бір топтың, ұжымның, халықтың, жалпы адам баласының мақсат, мұрат, мүдделері тоғысынан туындайды. Ата-бабамыздың «Бірлік болмай тірлік болмас», «Бірлік түбі – береке», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген мәтелдері де айтпақ ойымыздың ауанына саяды. Бірлікті бүлікке ұластырып, бітімгершілікті терістейтін кейбір ыдыратушы, ірітуші күштер – күншілдік, іштарлық, араздықтық сынды кеселдерді арқылы халық арасында алауыздық туындатуды көздейді. Олардың өресі төмен өлермендігінің қасында елдіктің береке-бірлігі анағұрлым маңызды. Себебі, бірлік біз үшін – елдіктің, ұлт болып ұйысудың басты кепілі. Кешегі дуалы аузына уәлі сөз қонақтаған би-шешендеріміздің, адамгершіліктің алдаспаны болған ақсақалдарымыздың ел ішіндегі бірлік пен татулыққа ерекше көңіл бөлгені тектен-тек емес.

Қорытындылай келе, Тәуелсіздік алған алғашқы күннен-ақ адамзат үшін ең қымбат қазына – ұлтаралық татулықты, конфессияаралық келісімді, өзара түсіністік пен құрмет сезімін, жарастық пен келісімді сақтай отырып, дамудың даңғыл жолына адымдап келеміз. Бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі достықтың бай тәжірибесі ұлттық татулық пен келісімнің ғана халықтардың экономикалық теңдігі, саяси және мәдени дамуын, өзара достықты, ұлттық мүдделер мен ұлттық ерекшеліктерді, тілдердің бір-біріне деген құрметін қамтамасыз ете алатынын көрсетті. Ғасырдан-ғасырға жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа ұласып, Қазақстан қоғамындағы өзге діндер мен ұлт өкілдерінің салт-дәстүр және мәдениеттеріндегі байланыс әсте назардан тыс қалмаған. Мемлекеттің стратегиялық мақсаттарында ұлтаралық татулықты, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен келісімді нығайту бағыты айрықша орын алуда. Бүгінгі таңдағы қоғамдағы ауызбіршілік, тұрақтылық пен туысқандық қарым-қатынастың берген жемісі ел дамуына серпін берді деп сенімді түрде айта аламыз.

Ендеше, ұлт болып ұйысу сүрлеуіндегі ұлттық келісім мен конфессияаралық татулықты қамтамасыз ету – баршамыздың абыройлы міндетіміз болып қала бермек. Себебі, Қазақстан – татулық пен тұрақтылық темірқазығы. Жаратқан осы нығметімізден айырмағай!

Темірлан АЙТБАЕВ

«Жетісу» радиосының редакторы

 

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар