World Population Review халықаралық статистикалық платформасы жариялаған Most Powerful Countries 2026 рейтингінде Қазақстан 100 елдің ішінде 34-орынға ие болды, деп жазды Alash.kz.
Тізімде Қазақстан Дания, Біріккен Араб Әмірліктері, Оңтүстік Африка Республикасы, Норвегия, Сауд Арабиясы, Пәкістан және Иран сияқты мемлекеттерден жоғары орналасқан.
Рейтинг елдердің экономикалық және саяси ықпалын, көшбасшылық әлеуетін, халықаралық одақтастықтарын және әскери мүмкіндіктерін ескереді. Бағалау барысында мемлекеттің экономикалық ауқымымен қатар, халықаралық аренадағы ықпалы да назарға алынады.
Посткеңестік мемлекеттер арасында Қазақстан Ресейден кейінгі орында тұр. Ресей рейтингте 11-орынға жайғасқан. Ал Украина — 51, Литва — 56, Беларусь — 57, Өзбекстан — 71, Латвия — 74, Эстония — 75, Армения — 80, Грузия 91-орынға орналасты.
Рейтингтің алғашқы үштігіне Қытай, АҚШ және Үндістан енген. Одан кейін Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Франция, Ұлыбритания, Мексика және Италия орналасқан.