Президент халықты Жеңіс күнімен құттықтады. Тоқаевтың құттықтауы Ақорда сайтында жарияланды.
“9 мамырда бейбіт өмір мен тыныштықты қорғау жолында құрбан болып, майдан даласынан қайтпай қалған батырларымыздың рухына тағзым етеміз. Соғыс және тыл ардагерлеріне шексіз ризашылық білдіріп, айрықша құрмет көрсетеміз.
Қазақстан адамзаттың ортақ жеңісіне, жер бетінде әділдік пен бостандықтың салтанат құруына өлшеусіз үлес қосты”, – деді президент.
Оның сөзінше, аға буынның екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ерлігі мен еңбегі өскелең ұрпақ үшін қайсарлықтың, жанқиярлықтың және отаншылдықтың озық үлгісі болып қалмақ.
“Бүгінде біз ұлтымыздың қаһарман ұл-қыздарының арқасында алаңсыз еңбек етіп, ұрпақ өсіріп, жарқын болашаққа қадам басып келеміз. Сол үшін оларға мәңгі қарыздармыз. Ешкім де ешқашан ұмытылмайды! Ардагерлерімізге әрдайым бас иеміз! Бейбітшіліктің қадірін түсініп, оны сақтай білейік! Баршаңызға зор денсаулық, толағай табыс тілеймін! Жеңіс күні құтты болсын!”, – деді Тоқаев.