«Қазақмыс» корпорациясы жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсарту мен олардың отбасыларына әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған ауқымды бағдарламасын кеңейте түсті, деп хабарлайды Alash.kz.
Компания инфрақұрылымды жаңғырту, заманауи медициналық көмек ұйымдастыру, тұрғын үймен қамту және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бағыттары бойынша бірнеше миллиард теңгені құрайтын ірі инвестициялық жобаларды іске асырып жатыр. Кәсіпорын басшылығы әлеуметтік қолдауды өндірістің тұрақты дамуы мен өмір сүру сапасын арттырудың басты кепілі деп санайды.
Компания өндірістік бөлімшелердің логистикасын жақсарту мақсатында 4,1 миллиард теңгеге 90 жаңа заманауи автобус сатып алып, автопаркті жаңартты. Бұл қадам жұмысшыларды тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік пен жайлылықты айтарлықтай арттырмақ. Сонымен қатар, санитарлық-тұрмыстық жағдайды жақсарту аясында 2,4 миллиард теңгеге 81 нысанда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, ал Нұрқазған байыту фабрикасында 2 миллиард теңгеден астам қаражатқа 567 адамға арналған жаңа әкімшілік-тұрмыстық кешен бой көтермек.
Медициналық қолдау саласы да назардан тыс қалған жоқ. Жезқазған медициналық орталығына 457 миллион теңгенің кардиологиялық құрылғылары орнатылса, өндіріс орындарындағы медпункттерді жарақтандыру үшін 2,5 миллиард теңгеге 25 жедел жәрдем көлігі сатып алынады. Жыл басынан бері 5 700-ден астам жұмысшыға 989 миллион теңгенің атаулы әлеуметтік көмегі көрсетіліп, шипажайлық емдеу және мүгедектігі бар балаларды қолдау шаралары ұйымдастырылды.



Тұрғын үй бағдарламасы бойынша көктемде қызметкерлерге 13 пәтер тегін берілсе, жыл соңына дейін Балқаш қаласында тағы 150-ден астам қызметтік баспана табыстау көзделген. Сондай-ақ, компания биылғы жазда жұмысшылардың 1200 баласын «Балдәурен» орталығында демалту үшін 450 миллион теңге қаржы бөлді. Жүйелі инвестициялар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.