Атырау облысында жасы 90-ға тақаған Әділхан Сисенов есімді қария өз зейнетақысынан ем-домына қаражат сұрағаны үшін туған кенже ұлынан аяусыз соққы көріп, тәулікке жуық ас-сусыз байлаулы отырғанын айтып, заң орындарынан әділдік талап етті, деп жазады Alash.kz.
Оқиға Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Сағыз ауылында орын алған. Өмір бойы бала өсіріп, ұрпақ тәрбиелеген ақсақалдың айтуынша, оның бар кінәсі — өзінің 250 мың теңге көлеміндегі зейнетақысынан ем-домына аздап ақша сұрағаны болған. Осы жайды қызына барып айтқан соң, 17-і күні ұлы ашуға мініп, әкесінің бөлмесіндегі киімдері мен диванын, барлық жеке заттарын далаға лақтырып тастаған. Ал келесі күні таңертең қария әкімдікке шағымданатынын айтқан кезде, 90 келілік үлкен жігіт салмағы 60 келі ғана болатын қарт әкесін сол жерде ұрып жыққан.
Соққыдан кейін ұлы қарияны бөлмеге лақтырып, сыртқа шықпас үшін қол-аяғын скотчпен артына байлап, қамап тастаған. Ақсақал тәулікке жуық уақыт бойы ас-сусыз қалып, кейіннен терезеден қашып шығу арқылы көрші тұратын інісінің үйіне жеткен. Содан соң қарындастары келіп, шұғыл түрде полиция шақырған. Өзге туыстарының мәліметінше, кенже ұлдың әкесіне дөрекі сөйлеп, қысым көрсетуі бұрыннан жалғасып келген. Жетпіске таяған қартты қалаға алып кетпек болғанымен, ол ауылынан кеткісі келмепті. Қазіргі уақытта Атырау қаласында тұратын екінші ұлы Әдебиет Сисенов әкесін дәрігерлерге қаратып жүр. Оның айтуынша, ақсақалдың ақыл-есі бүтін, алайда денесі мен қолының сау-тамтығы жоқ, соққының ізі өте көп.
КТК телеарнасының журналисі Жанат Молдашева оқиға туралы былай деді:
«Таңда қашып шықпасам, бүгін жеті күндік кәдемді беріп жататын еді» деді. Әкейді жылап отырып тыңдадым. Есі сау, жады түзу. Тіпті, ессіз болса да мұндай қатыгездік көрсету қылмыс. Қария мінезді, еңбекқор кісі болғаны көрініп тұр. Тек қарттық пен шарасыз күй. «Зәбір көрсеткен ұлым мені елге «жынды» етудің амалын іздеп жатыр. Ал мен оның қамауға алынуын талап етемін» деп мұңаяды қарт.
Әкесін қорлады деп айыпталған 47 жастағы азаматтың бұрын ішкі істер саласында (полицияда) қызмет атқарғаны анықталды. Қария оқиға кезінде ұлының ішімдік ішпегенін, сау болғанын нақтылады. Сонымен қатар, ол өз ісінің маманы болғандықтан, денеде ешқандай дақ немесе із қалмайтындай етіп, басынан скотчпен екі сағат сайын жүйелі түрде ұрғанын жеткізді.
Қазіргі таңда Атырау облыстық полиция департаменті күдіктіні әлі қамауға алмаған және тек мән-жайды анықтап жатырмыз деп қысқа қайырды. Қария өз ұлының тез арада темір торға қамалып, заң жүзінде тиісті жазасын алуын сұрап отыр.
Зардап шеккен Әділхан Сисенов туған ұлының бөлмедегі заттарын далаға қалай лақтырып, өзіне қалай жұдырық жұмсағанын былай деп еске алды:
«Менің бөлмем бар еді. Киімдерім, диваным жатқан. Бәрін далаға шығарып тастады. «Кет» деп те айтпайды. Шығарып тастады, барлық заттарымды. Ол 17-і күні болған оқиға еді, қызыма барып айтқаным. Содан 18-і күні таңертең киініп алып, «мен енді әкімге барамын» дедім. «Сен мына заттарымды шығарып тастадың». «Үйге кір» деді. «Кірмеймін» дедім. Содан сол жерде мені ұрып жықты да, зор жігіт қой, Ол 90 келі мен 60 келі шалмын».
Сондай-ақ, қария басынан алған ауыр соққылар мен арнайы скотчпен таңылған сәттегі азаптауды былай деп жеткізді:
«Басым әлі ауырады. Басымнан ұра берді, ұра берді. Мынадай скотчпен. Сонымен екі сағаттан кейін келіп ұрады, дақ түспейтіндей, полицияда істеген ғой. Артынан қол-аяғымды байлады, қолымды артыма байлады. Скотчпен байлады».
Ақсақалдың қалалық ұлы Әдебиет Сисенов отбасындағы бұл қатыгездіктің туындауына зейнетақы мен әкесінің күтімі себеп болғанын ашық айтты:
«Бірінші проблема — зейнетақы. «Зейнетақыңды бер» дейді, беріп еді. Одан құттай ақша сұраса — айқай. «Зейнетақыңды берші, түгел ұстатшы қолына», 250 мың алады, оны береді, одан тағы айқай. Өздерінде де тағы болады. Бірақ енді кенжесі ғой үйдің , сол ақша — проблема , сосын екінші мына жерден дәрет шығарады. Сол да себеп сияқты. Соны баққысы келмейді. Бәрі жиіркенеді».
Атырау облысы полиция департаменті Анықтау басқармасының аса маңызды істер жөніндеге анықтаушысы Дархан Бұлжанов істің ресми заңды сипатына тоқталып, төмендегідей мәлімдеме жасады:
«Ұрып-соғу бабымен қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі обьективті анықтау бағытында тергеу жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес, жариялауға жатпайды».