Шығыс Қазақстан облысының орталығында қызметтік міндетін атқару үстінде болған тәртіп сақшысына шабуыл жасап, жарақат алды, деп жазады Alash.kz.
Оқиға 22 наурыз күні кешкі уақытта Сағадат Нұрмағамбетов көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінің ауласында орын алған. Қазіргі таңда күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бастапқы мәлімет бойынша, патрульдік полиция батальонының қызметкеріне көшедегі жасөспірім көмек сұрап жүгінген. Ол екі бейтаныс адамның агрессивті мінез-құлық танытып жатқанын жеткізген. Шақырту орнына жеткен полицейге мас күйдегі екі азамат бірден тап беріп, арада қақтығыс басталған. Тәртіп сақшысы ескерту ретінде аспанға оқ атқанымен, қаскөйлер оның қызметтік қаруын тартып алып, полицейдің өзіне қарата оқ жаудырған. Салдарынан қызметкер сол қолынан жарақат алды.
Аталған қылмыстық іске қатысты облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі ресми мәлімдеме жасады. Ведомство өкілдері келесідей ақпарат берді:
«Оқиғадан кейін күдіктілер қашып кеткен, бірақ қысқа мерзім ішінде екеуі де анықталып, ұсталды. Қару тәркіленді. Қазіргі уақытта күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Өскемен қалалық Полиция басқармасы бір топ адамның қызметтік міндетін атқару үстіндегі билік өкіліне өміріне қауіпті зорлық-зомбылық көрсету фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады».
Қазіргі уақытта зардап шеккен полицей ауруханада дәрігерлердің бақылауында жатыр. Оның жағдайы тұрақты деп бағалануда. Тергеу барысында күдіктілердің әрекетіне құқықтық баға беріліп, олардың заң алдындағы жауапкершілігі анықталады.