Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Қарттар үйіне тиесілі жер кәсіпкерлерге беріле салған". Қонаевта жер дауына қатысты сұмдық дерек шықты

15:39, 17 қаңтар 2026

Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында жер теліміне қатысты кезекті дау шықты. Бұрын полиция басқармасының атыс тирағын салу жоспарланған жер учаскесі кейіннен жеке кәсіпкердің меншігіне өтіп, онда коммерциялық нысанның құрылысы басталған, деп хабарлайды Alash.kz. 

2018 жылдың қазан айында сол кездегі Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбеков қарттар мен мүгедектер үйіне тиесілі аумақтан шамамен 20 сотық жерді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне берген. Бұл жерде полицияға қажет нысан салу көзделгенімен, жоба іске аспай қалған. Кейін аумақта шағын әлеуметтік дүкен пайда болған.

2023 жылдың тамызында Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Қуматаев аталған жер телімін конкурссыз және аукционсыз кәсіпкер Гүлзира Садыковаға үш жыл мерзімге уақытша ақылы жер пайдалану құқығымен берген. Қаулыда жер телімінің бөлінбейтіні және ешқандай шектеу мен ауыртпалықтың жоқтығы көрсетілген. Алайда Жер кодексінің 48-бабына сәйкес, мемлекеттік жерлерді беру тек арнайы сауда-саттық арқылы жүзеге асуы тиіс.

2024 жылдың соңында Қонаевтың келесі әкімі Асхат Бердиханов бұл жерді кәсіпкердің жеке меншігіне өткізіп жіберген. Бұдан кейін 20 шаршы метрден асатын әлеуметтік дүкен бұзылып, оның орнына екі қабатты коммерциялық ғимараттың құрылысы басталған.

Құрылыс жүріп жатқан кезде Алматы облыстық жер ресурстарын басқару департаменті жер телімінің заңсыз берілгенін анықтап, оны мемлекет меншігіне қайтару туралы сотқа талап арыз түсірген. Іс Қонаев қалалық сотының судьясы Дарига Тараптың өндірісіне қабылданып, бірқатар мемлекеттік органдарға сұрау салынған. Алайда сот процесі белгісіз себептермен аяқсыз қалған.

Қазіргі таңда бұл іске қатысты қызметтік тексеріс жүргізіліп жатқаны хабарланады. Ресми органдар сот ісінің не себепті қаралмай қалғанына әзірге түсініктеме берген жоқ. Кей дереккөздер бұл жағдайға ықпалды тұлғалардың қатысы болуы мүмкін екенін алға тартады. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Мамандардың айтуынша, жер телімін беру кезінде заң талаптарының өрескел бұзылғаны анық байқалады. Енді құзырлы органдар бұл істің түпкі себептерін анықтап, заңды шешім қабылдауы тиіс.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар