Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қарағандыда әкесі 4 жасар қызын аяусыз ұрып соққан: Сотта сұмдық дерек айтылды

18:00, 19 маусым 2025 244

Қарағанды облысында ер адам төрт жасар қызды қатыгездікпен ұрып-соққаны үшін сотталды, деп хабарлайды ALASH.KZ.

Қайғылы оқиға өткен жылдың қараша айында Шахтинск қаласында болған.

Қарағанды облыстық сотының мәліметінше, 15 қараша күні кешке мас күйінде болған ер адам өзінің кішкентай өгей қызын аяусыз ұрып-соққан.

Ол қыздың басына, бетіне және арқасына соққы жасаған, одан кейін оны сүлгімен ұрған. Оның айтуынша, бұған «қыздың тілазарлығы» себеп болған.

Бастапқыда бұл қылмыстық іс облыстық кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі сотта қаралды. Айыпталушы кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірген.

Сот оның өкініш білдіруін, жағымды мінездемесін, отбасылы екенін және бұрын сотталмағанын ескеріп, оған үш жылға шартты жаза тағайындап, пробациялық бақылауға алу туралы үкім шығарған. Сонымен қатар, баланың қамқоршысы (қорғаншы органдары – ред.) пайдасына бір миллион теңге моральдық шығын өндіру туралы шешім қабылданған.

Алайда прокуратура бұл үкімді тым жеңіл деп санап, апелляцияға берген. Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы прокурордың уәждерімен келісіп, үкімді өзгертіп, шартты жазаны нақты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырды.

Енді ер адам жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді. Ол сот залында бірден қамауға алынды.

«Шартты жаза қолдану шешімі күшін жойды. Апелляциялық алқа қамқоршыны ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы 2-бөлігінің 3 және 8-тармақтары бойынша – “Кәмелетке толмаған балаға қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру, ерекше қатыгездікпен, сондай-ақ айыптыға анық әлсіз күйде екені белгілі адамға қатысты жасалған әрекет” бойынша кінәлі деп танып, оны үш жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті», – деп хабарлады Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар