Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қаңтар көтерілісі: Енді билікке қарсы халық протесті ешқашан тоқтамайды

08:28, 26 сәуір 2022 230
Қаңтар көтерілісі – ең алдымен кедейлер көтерілісі. Және аяусыз басып-жаншылған көтеріліс. Билік бұны ешқашан саяси-әлеуметтік протест ретінде мойындамауға барын салады. Сондықтан да бүгінгі таңға дейін, осы төрт айға жуық уақыт аралығында бұл көтерілісті біресе 20 мың террористке жауып, біресе билік ішіндегі «сарай төңкерісі», «қастандық теориясына» аударып, біресе «сақалдылар бүлігіне» тіреп, біресе көтерілісшілерге біреулер ақша беріп алаңға алып шықты деп – неше түрлі сценарий ойлап табуда.

Бұл сценарийлердің артында не тұр? Неге билік көтерілістің негізгі сипатын бұлай мойындамауға барын салады? Себебі, бұндай сценарийлерге негізгі басымдық беру – "стрелять на поражениені" ақтап алудың ең басты жолдарының бірі әрі нақақтан нақақ өліп кеткен көптеген шейіттердің алдында билік, мемлекет тарапынан жауапкершілік алмаудың, олардың отбасына компенсация төлемеудің тағы да бір құйтырқы әдісі. Сонымен қатар, халық алдындағы және халықаралық беделді сақтап қалудың амалы.

Әрине, мұндай үлкен саяси толқу мен көтерілістердің бірнеше сипаты болатыны даусыз. Алайда, оған берілер баға оның негізгі сипатына баса назар аудартуды талап етеді. Ендеше, қаңтардағы көтерілістің негізгі сипаты – халықтың саяси-әлеуметтік протесті екендігі мойындалуы тиіс. Ал жоғарыдағы «сценарийлердің» ішіндегі ең іліп аларлары «сарай төңкерісі», «қастандық теориясы» сияқты элементтер көтерілістің екінші, үшінші сипаты ретінде қарастырылуы қажет.

Оқиғадан кейін құрылған комиссиялардың негізі акцент беретін тұсы да осы еді. Бірақ, олардың кейбірі іске кіріспей жатып, қауесет ақпараттар анықталмастан, сөзінің «бісмілләсін» көтеріліске шыққандарды айыптаудан бастады. Сондықтан олардан еш қайыр жоқ екені сол кезден-ақ белгілі болған.

Оқиғаның орын алғанына 100 күннен асып, 4 айға жуықтады. Алайда, әлі күнге дейін сол кезде бейбіт халыққа оқ атып, мерт қылған, кейін қолға түскендерді ДВД, СИЗО-ларда аяусыз азаптап қинаған бірде-бір әскери, құқық қорғау саласының өкілдері қылмыстық іске тартылып, жазаланған жоқ. Мұның өзі алдағы уақытта да ешкімнің жазаланбайтынын білдіреді. Билік істі әдейі ақырын-ақырын созып, халықтың назарынан тайдырып әкетпекші. Яғни, бұл да халықты алдаудың кезекті әрекеті.

Егер билік мұндай оқиғалардың негізгі сипатына әділ бағасын беріп, алдағы уақытта осы протестік күйдің негізі болып жатқан, халықтың берісі 30 жылда қордаланған саяси-әлеуметтік талып-тілегін орындамайтын болса – онда билікке қарсы халық протесті ешқашан тоқтамайды және жақын болашақта тағы бір көтеріліске ұласып, сол тұстағы тағы бір «сарай төңкерісін», «қастандық теориясын» көздеген үшінші күштің өз мүддесін іске асыруына зор ықпал етіп кетуі мүмкін. Одан кейін екінші, үшінші рет те солай болып жалғаса береді. Халық жаппай бас көтерген сайын қырып салып отыра бермейтін шығар?! Бұл кешегі заман емес, басқа дәуір. Сондықтан, оқиғаның негізгі сипатына әділ бағасын беру деген сөз – мемлекеттік саясаттың сол мәселеге баса назар аударып, болшақта сол жағдайды қайыра туындатпауы деген сөз.

Көтерілістің негізгі сипатына баса назар аударудың маңызы осында.

Алайда, қаңтар көтерілісі кезінде және одан кейін оқиғаға қатысқандарды атып, азаптаған құқық қорғау өкілдеріне қатысты биліктің әрекеті – бір қолымен өзі айтақтаған төбетін, екінші қолымен өзі сабамайтындығын көрсетіп отыр. Егер сабаса – келер жолы төбеттің өзіне шабатынын түсінеді. Осыған қарап-ақ бәрін ұғуға болады.

Ендігі әрекет қолдан келгенінше халықаралық комиссияның іске араласуын талап ету. Онсыз ештеңе өнбейтінін уақыт көрсетіп келеді. Әйтпесе, көптеген азамат нақақтан-нақақ терроризм айыбымен темір торға тоғытылып кетуі мүмкін.

Елзат Ескендір
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар