Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Ақыл-есі дұрыс болды деп үміттенемін»: Нұрай Серікбайдың ісіне қатысты қоғам белсендісі өткір пікір білдірді

17:18, 01 сәуір 2026

Нұрай Серікбайдың өліміне басты күдікті Алматы облысының Ақтас кентіндегі арнайы мекемеде стационарлық сот-психиатриялық сараптамадан өтуде. Феминист әрі қоғам белсендісі Әйгерім Құсайынқызы бұл процестің заңдылықтары мен күдіктінің не себепті психиатриялық клиникаға орналастырылғанына қатысты өз ойын білдірді, деп жазады Alash.kz. 

Сараптама қорытындысы айыпталушының қылмыстық жауапкершілікке тартылу деңгейін анықтайтын болады. Қолданыстағы Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге сәйкес, кісі өлтіру секілді ауыр қылмыстар орын алғанда, тергеуші немесе сот міндетті түрде сараптама тағайындауға тиіс. Бұл — заңның бұлжымас талабы. Осы мәселеге қатысты Әйгерім Құсайынқызы:

«Қазақстан Республикасының Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстеріне сәйкес, ауыр қылмыс жасалған кезде — әсіресе зорлық-зомбылықпен байланысты, соның ішінде кісі өлтіру дерегі бойынша — тергеуші немесе сот күдіктіге міндетті түрде психиатриялық сараптама тағайындайды. Бұл — заң талабы. Менің түсінуімше, Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты істе күдікті қазір Ақтас кентінде (Алматы облысы, Талғар ауданы) психиатриялық сараптамадан өтіп жатыр», — деп атап өтті. Оның айтуынша, бұл шара күдіктіні емдеу үшін емес, оның қылмыс жасаған сәттегі есінің дұрыстығын тексеру үшін жүргізіледі.

Қаңтар айында орын алған оқиғадан бері үш айға жуық уақыт өтсе де, сараптама мерзімі қажеттілікке қарай ұзартылған. Бұған дейін күдікті Шымкент және Алматы қалаларында да тексеруден өткен болатын. Сарапшылар алдында күдіктінің өз іс-әрекетін бақылай алу қабілетін, қылмыстың алдын ала жоспарланған-жоспарланбағанын және оның сот процесіне қатысу мүмкіндігін анықтау міндеті тұр.

Белсенді өз сөзінде: «Жеке өзім Нұрайдың жағдайында (бейнежазбалардан көрініп тұрғандай) күдіктінің есі дұрыс болды деп үміттенемін. Бірақ, әрине, біз түпкілікті қорытынды жасай алмаймыз — бұл сарапшылардың құзыретіндегі шаруа», — дей отырып, түпкілікті байламды тек тәуелсіз мамандар жасауы керек екенін жеткізді.

Егер сараптама қорытындысы адамды есі дұрыс емес деп тапса, ол заң бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, мәжбүрлі емдеуге жіберілуі мүмкін.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар