Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы туған әкесіне жүйелі түрде күш көрсеткен тұрғынға қатысты шығарылған үкімді қайта қарады, деп жазады Alash.kz.
Апелляциялық саты прокуратураның өтінішін қанағаттандырып, сотталушының бас бостандығынан айыру мерзімін 6 жылға дейін ұзартты. Бұған дейін бірінші сатыдағы сот оған 5 жыл мерзім тағайындаған болатын, алайда істің мән-жайы мен қылмыстың ерекше қатігездікпен жасалуы жазаны күшейтуге негіз болды.
Сот тергеуі барысында анықталғандай, сотталушы әкесінің дәрменсіз күйін пайдаланып, оны ұзақ уақыт бойы физикалық және психикалық тұрғыдан қинап келген. Қылмыстың сипаты мен қоғамға төндіретін қаупін ескерген сот алқасы айыпталушының әрекетін аса ауыр деп таныды. Сонымен қатар, жәбірленуші қайтыс болғаннан кейін оның ұлы тиісті органдарға хабар берместен, мәйітті өз бетінше жерлемек болған.
Сот өкілдері істің егжей-тегжейіне тоқталып: «Ол ерекше қатігездікпен әрі арсыздықпен өз әкесінің денсаулығына қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіріп, ұзақ уақыт бойы қорлап келген. Бұдан бөлек, жәбірленуші қайтыс болғаннан кейін ол бұл туралы құқық қорғау органдарына хабарламаған және оны жерлеу әрекеттеріне көшкен. Аталған жағдайлар жаза мерзімін ұзартуға негіз болды», — деп мәлімдеді.
Бұл деректер сотталушының кінәсін ауырлататын мән-жайлар ретінде қабылданды.
Айта кетейік, айыпталушыға Қылмыстық кодекстің 110-бабы (қинау) және 107-бабы (денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру) бойынша айып тағылған. Прокурордың апелляциялық өтініші ішінара қанағаттандырылып, соттың жаңа қаулысы 2026 жылғы 31 наурызда заңды күшіне енді. Қазіргі уақытта сотталушы жазасын өтеу үшін тиісті мекемеге жіберілді.