Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи қоғамға қауіп төндіретін теріс діни ағымдар жөнінде мәлімдеме жасады, деп жазады Alash.kz.
Мәжілісте Бас Прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдаған депутат өз сөзінде теріс дінді насихаттайтындарды ауыр айыптады:
Турасын қаймықпай айтқанда, дүмше догманы тықпалаған бұл қарабайыр діндарлар біздің ұлттық ұстанымды ірітіп, мемлекетіміз бен қоғамның тағанын теңселтуде. Соңғы аптада біз бірер осындай даңғаза дабыраның куәсі болдық. Интернет подкастардың бірінде ресми діни құрылымға қатысы жоқ әлдебір “имам-сымақ” үш әйелі барын сөз етіп, соңғысын өзінің шәкіртіне “сыйға тартқанын” жайбарақат жария етті.
Бұл мәлімдемені адами моральға жат қылық қана емес, сонымен бірге азаматтық неке жөніндегі заңнаманы көпе-көрнеу бұзу, қазіргі Қазақстандағы дәстүрлі дінді мансұқ ету және оның құндылықтарына қаса-қана нұқсан келтіру деп түсіну керек. Жалпы адамды сыйға тарту – бұл адам сату, адам саудасы санатындағы қылмыс саналуы тиіс! Заңды белшесінен басып, ойына келген шариғатын шатып отыратын мұндайларға тосқауыл қойылуы керек!
Адам түгілі, хайуанға жанашырлық танытуды дәріптейтін дін өкілі өз әйелін хайуаннан бетер етіп, ашық сыйға беруі –қоғамдық жазғыруға пара-пар қылмыс саналуы тиіс!
Осы ретте мен осы теріс діндар тақуаларға сұрақ қойғым келеді: “Ағайындар, егер біздің сан ғасырлық ұлттық дәстүрлеріміз харам болса, Қазақстан мемлекеті сіздерге туған ел емес шығар?! Ұлттық құндылықтарды ғасырдан ғасырға сақтап қалған қазақтың қасиетті даласы сіздерге атамекен емес болар?! Ендеше, харамы жоқ, сіздер қош көретін елге неге қоныс аударып кетпеске?! Алды-артыңа бір уыс топырақ!”.
Шын мәнінде біздің бүгінгі қоғам адасу алаяқтығы шылауына шырмалып, “ақпараттық терроризм” деп атауға болатын қиянатты құбылысқа тап болды. Бұны қоғамдық жүйенің құндылықтарын нақақ қирату, түсінік пен түйсікті теріс жолға салу, адамдар санасына маңызы өзгерген мән-мақсатты агрессивті түрде сіңіру құбылысы деп қабылдау қажет!
Іс жүзінде халықтық, қазақтық ұлттық дәстүрлерге қарсы шығу - Қазақстанның конституциялық құрылысына қарсы шығу деген сөз! “Қазақстан - зайырлы мемлекет” деп, Атазаңда атап көрсетілген қағидатқа діни даңғазамен қарсы шығу - қылмыс!