Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым Алматы қаласындағы әл-Фараби даңғылында орын алған қайғылы жол апатына қатысты пікір білдірді, деп жазады Alash.kz.
Халық қалаулысы үш адамның өмірін қиған оқиғадан кейін жүргізушілер жауапкершілігін күшейту мәселесін көтерді. Депутаттың айтуынша, қоғамда резонанс тудырған бұл жағдай заң алдындағы жауапкершіліктен жалтаруға жол берілмеуі тиіс екенін көрсетіп отыр.
Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған жақындағы қайғылы оқиға алдымызға өзекті сұрақты тағы да көлденең алып келді. Қылмыскерлер мен құқық бұзушыларға жасаған ісіне сай қылмыстық жауапкершілік жүктеу үшін біздегі құқықтық тетіктер жеткілікті ме?
Жол апатына айыпталушының іс-әрекеті үш адамның өмірін қиды. Балалар ата-анасыз қалса, ата-аналар перзенттерінен айырылды. Бұл қасірет олардың отбасы мүшелерінің тағдырын талқандап, өмірлерін мүлдем өзгертті.
Мұндай қасіретті жағдайлар әрқайсымыздың, жақындарымыз бен туыстарымыздың өмірі мен қауіпсіздігі үшін заңды түрде дәрменсіздік, үрей және алаңдаушылық сезімін тудыратынын ашық мойындауымыз керек. Одан да сорақысы, мұндай оқиғалар сенімсіздік пен күдік ұялатып, қоғам мен биліктің арасына іріткі салады, сондай-ақ заң мен тәртіптің пәрменділігіне деген сенімді жояды.
Құзырлы органдар мас күйінде жасалған және адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғалары үшін жауапкершілікке тартудың қолданыстағы тетіктеріне принципті түрде баға беріп, жасалған қылмыс ауырлығына сәйкес келетін жаза мерзімдерін белгілеу бойынша ұсыныстар енгізуі тиіс деп санаймын.