Солтүстік Қазақстан облысында аудан әкімінің орынбасары оңтүстіктен қоныс аударушылар мен қандастарға арналған пәтерлерге бөтен адамдарды заңсыз орналастырғаны анықталды, - деп жазды Alash.KZ порталы.
Massaget.kz порталының жазуына қарағанда, Ақжар ауданы әкімінің орынбасары Оксана Киккариноваға қатысты тәртіптік іс 19 қыркүйекте әдеп кеңесінің отырысында қаралған. Прокуратура тексерісі барысында мемлекеттік тұрғын үй қорындағы пәтерлерге заңсыз қоныстану деректері әшкереленді.
"Талшық ауылындағы Заводская көшесіндегі үйде жол жұмысшылары мен мердігер компанияның инженері тұрғаны анықталды. Олар тиісті рәсімсіз, тұрғын үй комиссиясының шешімінсіз және жалдау шартынсыз орналасқан", – деді Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басқарма бас маманы Абзал Оразамбетов.
Тексеру барысында қоныстанғандар пәтерлер уақытша жұмысшыларға берілгенін айтқан. Бір пәтерден 11 төсек орын табылған.
Қызметтік тергеу барысында аудан әкімінің орынбасары әрі тұрғын үй комиссиясының төрайымы Киккаринова бұл деректі мойындады.
"Оның айтуынша, 2024 жылғы қарашада жол жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан ұйым өкілі уақытша баспана сұраған. Сол кезде ол мемлекеттік тұрғын үй қорындағы пәтерлерді ЖШС жұмысшыларына беру туралы жеке шешім қабылдаған", – деді Уразамбетов.
Әдеп кеңесінде сөйлеген Киккаринова пәтерлерді бөтендерге беруді "мәжбүрлі шара" деп түсіндірді. Себебі үйлер бос тұр, ал коммуналдық шығындарды төлеу қажет.
Оның айтуынша, ауданның коммуналдық шаруашылық бөлімінің балансында оңтүстіктен қоныс аударушыларға, қандастарға және әлеуметтік осал топтарға (жетімдер, көпбалалы отбасылар, мүгедектер) арналған 125 үй мен пәтер бар.
"Талшық ауылындағы Заводская көшесіндегі үй қоныс аударушылар мен қандастарға арналған. Үйде 13 пәтер бар, бірақ тек алтауы ғана тұрақты қоныстанған. Қалған пәтерлер бос тұр. Қыста газбен жылытуға 1,5 млн теңге қажет. Газгольдерді үш рет толтыру керек. Бұл шығынды алты пәтердің тұрғындары көтере алмайды. Сондықтан мердігер ұйым жұмысшыларын және баспанасы жоқ екі жасөспірімді қоныстандыруға шешім қабылдадым. Осылайша қысқы маусымда жылуды сақтап, шығынды бөлістік", – деді әкім орынбасары.
Ол өз әрекетінің заңсыз екенін мойындады, бірақ "басқа амал болмағанын" айтты.
Киккаринованың сөзінше, пәтерлерді апатты үйлердің тұрғындарына да ұсынған, бірақ олар сапасына байланысты бас тартқан.
Ауданда қазір әлеуметтік осал топтан 187 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Алайда Талшықтағы бұл үй тек қоныс аударушыларға арналған, олардың ішінде кезекте тұрғандар жоқ.
Кеңес мүшелері кезектегілердің мүддесі бұзылмағанын ескеріп, әкім орынбасарына "қызметіне толық сәйкес емесі туралы ескерту" берді.
Еске салайық, бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қандастардың Қазақстанға қоныс аударуы мен олардың қай өңірлерге қоныстандырылып жатқанын жариялаған еді.