Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қан аққан: Қызылордадағы жеке балабақшада тәрбиеші аутизм баланы ұрып, қорлап, тамақ бермеген

12:00, 29 сәуір 2025 403

Қызылорда қаласындағы жеке балабақшада тәрбиеші аутизм диагнозы бар балаға қол көтеріп, қорлық көрсеткен, деп хабарлайды AlASH.KZ.

Бес жастағы Алихан Аманбайдың анасы болған оқиғаның бейнебақылау камерасына түсіп қалғанын айтты. Кадрлардан балабақша қызметкерінің баланы ұстап алып, жерге лақтырғаны анық көрінеді. Әйелдің сөзінше, тәрбиеші оған көмек көрсету орнына жанында ұйықтап қалған, ал балада мұрыннан қан кеткен.

«Жазбаны ашып қарағанда, тәрбиешінің ұлымды көтеріп алып, жерге лақтырғанын, артынан тағы да ұрғанын көрдім. Ол балама көмек көрсеткен жоқ. Баламның мұрнынан қан ағып жатты», — дейді Ұлболсын Мүслім.

Бейнежазба жарияланғаннан кейін басқа да ата-аналар полицияға жүгінген. Олар балаларының жиі көгеріп, бетінде жаралармен немесе тіпті сүйек сынуымен үйге қайтатынын айтады. Ата-аналар ерекше күтімді қажет ететін балаларға балабақша қызметкерлері күш қолданған деп күдіктенеді.

«Менің балам қол, тізе, арқа және жамбас тұстарында көгерген іздермен келді. Бізге ол өзі құлап қалды деді, бірақ осы оқиғадан кейін оларға сенбей қалдық», — дейді Қызылорда тұрғыны Динара Қалиева.

Ата-аналар бейнежазбадан балалардың дұрыс тамақтандырылмайтынын да байқаған: сегіз балаға үш-ақ тәрелке ас қойылыпты, ал қызметкерлер телефонмен сөйлесумен айналысып отырған.

«Жас Ұрпақ» орталығының басшысы Раушан Пірімжанова баланың соққыға жығылғанын растады, бірақ тамақтану нормалары сақталғанын айтты.

«Бұл бірінші рет болған жағдай. Біз барлық жазбаларды тиісті органдарға бірден тапсырдық. Ал тамақтануға келсек, ата-аналардың тамақ әкелгенін көрдік, видеода жарық кенеттен сөніп қалған», — деп түсіндірді Пірімжанова.

Балаға қатыгездік көрсеткен тәрбиеші мен оның көмекшісі жұмыстан босатылды. Қазір бұл іс бойынша полиция «Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар