Қарағанды облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алты бірдей баланы жүйелі түрде азаптап, оларға ауыр дене жарақатын салған және мемлекет қаржысын талан-таражға салған отбасы мүшелеріне қатысты үкім кесті, деп хабарлайды Alash.kz.
Сот талқылауы барысында патронаттық тәрбиешілердің бес жыл бойы жетім балаларға көрсеткен физикалық және психологиялық зорлық-зомбылығы толық дәлелденді. Сондай-ақ, балаларды бағуға бөлінген миллиондаған теңгенің құмар ойындарға жұмсалғаны анықталды.
Ресми мәліметтерге сәйкес, 2018 жылы ерлі-зайыпты Г. мен Д.-ның қамқорлығына ата-анасының қарауынсыз қалған, 2008–2014 жылдар аралығында туған алты бала берілген. Алайда олар 2023 жылға дейін балаларды тәрбиелеудің орнына, оларды ұрып-соғып, түрлі қатыгез жазалау әдістерін қолданып келген. Қорлықтың шегінен шыққаны соншалық, кәмелетке толмаған Т. есімді бала ауыр дене жарақатымен ауруханаға түскен. Тіпті, ерлі-зайыптылардың өз туған қызы Б. да ата-анасының үнсіз келісімімен патронаттағы балаларды қамшымен, күрек сабымен, оқтаумен, қысқышпен және шоқ көсейтін темірмен аяусыз сабап, тұрақты психологиялық қысым көрсеткені белгілі болды.
Зорлық-зомбылықтан бөлек, патронаттық тәрбиеші Г.-ның үстінен ірі көлемде алаяқтық жасау фактісі де расталды. Ол мемлекет тарапынан балаларды асырауға арнайы бөлінген бюджет қаражатын мақсатсыз жұмсап, оның бір бөлігін букмекерлік сайттардағы бәстерге тігіп жіберген. Осылайша, ол мемлекет қазынасына 6,2 миллион теңгеден астам материалдық шығын келтірді.
Іс бойынша жиналған айғақтарды жан-жақты зерттеген сот айыпталушылардың барлығын кінәлі деп танып, тиісті жаза мерзімдерін тағайындады. Қазіргі уақытта шыққан сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, тараптардың аппеляцияға беру құқығы бар.