Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Қамшыбек Тәшиевті Қырғыз елінің Президенті болғанын қаладым" - Садыр Жапаров (ВИДЕО)

09:27, 14 тамыз 2026
Қырғызстанның қазіргі басшысы Садыр Жапаров 2027 жылы өтетін президенттік додаға түсуден бас тартып, бұл жоғары лауазымға Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің экс-төрағасы Қамшыбек Тәшиевтің кандидатурасын қолдауды ойластырған. Бұл туралы ел президенті журналист Әли Тоқтақұновқа берген эксклюзивті сұхбатында ашық айтты, деп хабарлайды Alash.KZ порталы Kaktus.media ақпараттық порталына сілтеме жасап.
 
«2027 жылы менің алты жылдық президенттік өкілеттігім аяқталған соң, егер Қамшы осы жауапкершілікті арқалауға әзір болса, сайлауға екінші рет қатыспаймын деп шешкенмін. Қамшы билік басына келіп, мен зейнетке кетер едім деген ойым болды. Осындай жоспар құрғанмын. Бұл мәселені осыдан бір жыл бұрын оның өзіне де бетпе-бет айтқан болатынмын», — деді Жапаров.
 
«Мен оған: "Сен осыған дайындал, маңыңды тазала, өз командаңды қалыптастыр" деп ескерттім. Бірақ уақыт өте келе байқағаным — ол бұған дайын болмай шықты. Оның қол астындағы қызметкерлердің іс-әрекеттері заңсыздыққа ұласты, ал айналасындағы адамдар тым асқақтап, көкіректік таныта бастады.
75 ақсақалдың атынан үндеу хат жарияланып, парламент қабырғасында генералдың жақтастары болып топқа бөліну белең алғанда, мен оны қабылдап: "Мұндай бассыздыққа жол берілмейді. Халықтың арасына іріткі салуға құқығың жоқ. Елді теріскей мен күнгейге бөлетіндерді заң аясында аяусыз жазалаймын, себебі жұрт енді ғана бір тудың астына біріге бастады. Сондықтан, маған ренжіме, мен сени атқарып отырған лауазымыңнан босатамын. Егер ертең сайлауға өз бетіңмен түскің келсе, мен саған заңды түрде барлық жағдайды жасап беруге әзірмін", — деп айттым», — деді Қырғызстан басшысы.
 
Жапаровтың сөзіне қарағанда, Тәшиев оның жақын досы болып қала береді, алайда бұдан былай ешқандай мемлекеттік лауазымды қызметке тағайындалмайды.
«Иә, біздің достығымыз 2005 жылдан басталған, отбасылық деңгейде тығыз араластық. 2020 жылы мен абақтыдан босап шығып, ел тізгінін қолға алғанда, оны ҰҚМК төрағасы лауазымына бекіттім. Шыны керек, бес жыл бойы ол өте нәтижелі жұмыс істеді. Бірақ оның ең үлкен кемшілігі — өз жолдастарына, сыныптастары мен жақындарына ие бола алмауында болды. Сол себепті ол орнынан кетті.
Әрине, бұл өмірде қателіксіз пенде болмайды. Іс қылған адамның кемшілігі де бірге жүреді. Ол менің қимас досым болып қала береді, бірақ оны алдағы уақытта қандай да бір мемлекеттік қызметке тағайындау ойымда жоқ.
Оған қазір демалыс керек, бәлкім, осы уақыт ішінде бәрін сараптап, өз қателіктерін түсінер. Мен оны тек кінәлі етіп көрсетуден аулақпын. Жоқ, оның атқарған жұмысының жемісі де, мемлекетіміздің дамуына қосқан зор үлесі де бар», — деп түйіндеді президент.
Ағымдағы жылдың шілде айында Бішкек қалалық соты Қамшыбек Тәшиевті «75-тің хаты» дауы бойынша айыпты деп танып, оның жеке мүлкін тәркілей отырып, төрт жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарған еді, сондай-ақ оған үш жылдық пробациялық бақылау мерзімі белгіленді.
 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар