Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары Ұлан ауданындағы Шалқар көліне батып кеткен 23 жастағы сапбордшының денесін тапты, деп жазады Alash.kz.
1 мамыр күні басталған іздестіру шаралары жеті күнге созылып, бүгін қайғылы аяқталды. Құтқару кеудешесінсіз суға шыққан жас жігіттің мәйіті көлден шығарылды.
Қайғылы оқиға орын алған сәттен бастап облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары үздіксіз жұмыс істеді. Іздеу жұмыстарына заманауи техникалар, соның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттары, арнайы қайықтар мен су астындағы нысандарды анықтайтын эхолоттар жұмылдырылды. Су түбін тексерген сүңгуірлер барлығы 60-қа жуық рет су астына түскен.
Мамандардың айтуынша, іздестіру жұмыстарына көлдің ерекше тереңдігі мен су астындағы жағдайлар айтарлықтай қиындық тудырған. Ақыр соңында марқұмның денесі жағадан 200 метрдей қашықтықта, шамамен 20 метр тереңдіктен табылды. Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалып жатыр.