Сенаттың экс-төрағасы Мәулен Әшімбаев алдағы жоспары туралы айтты, деп жазады Alash.kz.
Саясаткердің айтуынша, мемлекеттік қызметші өзінің әлеуеті қажет болған салада қызмет етуі тиіс.
«Біз енді мемлекеттік қызметте жүргендіктен қай жерде біздің әлеуетіміз қажет болады, сол бағытта жұмыс істеуіміз керек. «Мен ана жаққа барам, мына жаққа барам» деген болмайды. Ол дұрыс ұстаным емес. Оны жастарға да түсіндіруіміз керек.
Құрылтайға, Халық кеңесіне жаңа адамдар келеді деп сенеміз. Өзгерістердің бәрі жақсылығымен болсын. Өмір бойы депутат болу деген шарт жоқ. Жалпы мемлекеттік қызмет деген - уақытша дүние. Мемлекеттік қызметке келу бар, мемлекеттік қызметтен дұрыстап кету бар. Кейде келуден гөрі кету маңыздырақ», - деді Мәулен Әшімбаев Сенаттың соңғы отырысынан кейін өткен брифингте.
Мәулен Әшімбаев қандай қызметке тағайындалса да, Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді орындап, ел игілігі жолында аянбай еңбек етуге дайын екенін мәлімдеді.
«Қай қызметте болсам да Мемлекет басшысы белгілеген мақсаттарды жүзеге асыру жолында жұмысымды жалғастырамын. Әділетті Қазақстанды құруға, еліміздегі реформалар күн тәртібін іске асыруға өз үлесімді қоса беремін. Қазақстанның тұрақты әрі теңгерімді дамуына, еліміздің табысты, өркендеген, болашағы зор, әлеуметтік және демократиялық мемлекетке айналуына үлес қосуға бар күшімді саламын», - деді Мәулен Әшімбаев.