Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады. Кездесу барысында Үкімет басшысы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының алғашқы жартыжылдықтағы қорытындылары туралы баяндады, деп хабарлайды Alash.kz.
Үкімет мәліметінше, маусым айында жылдық инфляция 10,3%-ды құраса, биылғы алғашқы алты айдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 4,1%-ға өсті.
Премьер-министр ұлттық экономиканың құрылымы нығайып келе жатқанын, жаңа жұмыс орындарының ашылып жатқанын және ірі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылып жатқанын айтты. Олардың қатарында Астанадағы екінші әуежайдың құрылысы, Tarlan Astana (LRT) жобасының екінші кезеңі және тұрғын үй құрылысы бар.
Сонымен қатар кездесуде алдағы жылыту маусымына дайындық, жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту, туризмді жаңғырту және жаңа Конституцияны іске асыру мәселелері қаралды.
Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды салу жөніндегі ауқымды бағдарламаны іске асыруды жеделдетуді тапсырды. Әсіресе, заманауи денсаулық сақтау нысандарын салуға басымдық берілмек.