2027 жылдан бастап ипотека рәсімдеу тәртібі өзгереді, деп хабарлайды ALASH.KZ.
2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап ипотекалық несиелер бойынша ең жоғары сыйақы мөлшерлемесі бастапқы жарна көлеміне қарай белгіленеді.
Жаңа тәртіпке сәйкес, егер бастапқы жарна баспана құнының кемінде 30%-ын құраса (несие тұрғын үй бағасының 70%-ынан аспаса), онда жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) шекті деңгейі 20% болады. Ал бастапқы жарна бұдан төмен болған жағдайда қазіргі 25% шекті мөлшерлеме сақталады.
Соған қарамастан, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы бұл өзгеріс ипотеканың қолжетімділігін айтарлықтай арттырмайды деп есептейді. Өйткені банктер бұрынғыдай қарыз алушының табысын, несиелік тәуекелдерін, қаржы тарту құнын және базалық мөлшерлемені ескеріп шешім қабылдайды.

Қазіргі таңда ипотекаға берілген өтінімдердің шамамен 22,5%-ы ғана мақұлданады. Сонымен қатар жаңа ипотекалық несиелердің 85%-ы жеңілдетілген бағдарламалар аясында рәсімделіп отыр.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа ережелер ипотека көлемінен гөрі оның құрылымына көбірек әсер етуі мүмкін. Яғни банктер баспана құнының кемінде 30%-ын бастапқы жарна ретінде төлей алатын азаматтарға басымдық беруі ықтимал.