Николай Жұмағалиевке ұқсас адамның психиатриялық ауруханадағы видеосы тарады, деп хабарлайды ALASH.kz.
Orda.kz редакциясына қазақстандық сериялық кісі өлтіруші әрі каннибал Николай Жұмағалиевке ұқсас адамның жабық үлгідегі психиатриялық аурухана палатасында басқа ер адаммен сөйлесіп отырған бейнежазбасының үзіндісі түсті.
Бейнежазбада әңгімелесушілер Жұмағалиевтің өміріндегі кейбір оқиғаларды, сондай-ақ мекеме ішіндегі жағдайды талқылайды. Әңгіме барысында психиатрия жүйесіндегі жемқорлық, науқастардың күмәнді өлімі туралы мәлімдемелер айтылады. Сонымен қатар Дональд Трамп пен Конституцияға жиі өзгеріс енгізілуі де сөз болады.
Болжам бойынша, видео Алматы облысы Талғар ауданындағы Ақтас ауылында орналасқан Республикалық қарқынды бақылауы бар мамандандырылған психиатриялық ауруханада түсірілген. Жазбаға қарағанда, Николай Жұмағалиев өзін видеоға түсіріп жатқанын білмеген.
Бейнежазбада сыртқы шу көп болғандықтан, кейбір сөздерді анық есту қиын. Дегенмен әңгіменің негізгі бөлігін түсінуге болады. Алайда редакция жазбада айтылған барлық мәліметтің шынайылығын растай алмайтынын ескертеді.
Жазбада Жұмағалиев өз сөзінде 28 жасында шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғанын, кейін Қырғызстанда ұсталғанын, Мәскеуден келген тергеуші-психиатрдың жауап алғанын және Ташкентте де қолға түскенін айтады.
Сондай-ақ ол журналистерге сұхбат беруден бас тартатынын жеткізеді. Оның айтуынша, аурухана әкімшілігі өзіне сөйлей алмайтындай дәрі егіп қоюы мүмкін деген қауіптен қорқады. Сондықтан ол мекемедегі науқастардың жағдайы туралы ашық айта алмай жүргенін меңзейді.
Бейнежазбада екі ер адам аурухана қызметкерлерінің кейбірі науқастардың өліміне қатысы бар деген мәлімдеме жасайды. Олар бірнеше адамның аты-жөнін атайды. Алайда бұл айыптаулардың рас екенін дәлелдейтін ресми дерек жоқ.
Жұмағалиевке ұқсас ер адамның сөзінше:
«Екінші бөлімде Д. менің көзімше жеті адамды екпе арқылы өлтірді».
Әңгімеде «Сатана» деген лақап аты бар қызметкер мен тағы бір әйелдің бірнеше науқастың өліміне қатысы болуы мүмкін екені де айтылады.
Сондай-ақ олар ауруханадағы тамақ сапасына шағымданады. Жұмағалиевтің айтуынша, науқастарға шұжық, ірімшік, шырын, айран берілмейді. Оның орнына тек сапасыз сұйық ас ұсынылады.
Оның сөзінше, мемлекеттен жеткілікті қаржы бөлінгенімен, науқастарға тиесілі етті қоймадағы қызметкерлер өздері алып қояды.
Бұдан бөлек, палатадағы тумбаның 1972 жылдан бері ауыстырылмағаны айтылады. Әңгімелесушілердің пікірінше, жиһазды жаңартуға қаржы бөлінгенімен, ол мақсатқа жұмсалмайды.
Видеода заңсыз алтын өндіру, бағалы металдарды жасырын қазу, Ақтас маңындағы тектоникалық жарықтарда орналасқан карьерлердің заңсыз жұмысы және бір азаматқа коттедж салу мәселелері де қозғалады.
Сонымен қатар науқастардың конституциялық құқықтарының бұзылатыны туралы пікір айтылады. Олардың сөзінше, пациенттер тәулігіне 21–22 сағат палатадан шығарылмайды.
Жұмағалиев ауруханадағы теледидардың дұрыс жұмыс істемейтінін де айтады. Ал оның әңгімелесушісі әр науқасқа кемінде алты шаршы метр жеке кеңістік қарастырылуы тиіс екенін, алайда іс жүзінде бұл талап сақталмайтынын жеткізеді.
Екі ер адамның айтуынша, аурухана әкімшілігі науқастарды шығаруға асықпайды. Себебі жаңа пациенттер аз түссе, мекеменің қаржыландыруы қысқаруы мүмкін.
Әңгіме барысында екінші ер адам психикалық ауытқуы бар адамдардың қылмыс жасау деңгейі психикалық тұрғыдан сау адамдарға қарағанда төмен екенін айтады.
Сондай-ақ олар Конституцияға жиі өзгеріс енгізілуін және дәрігерлер қолданатын «ішкі сенім» қағидаты арқылы кейбір науқастардың емдеу мекемесінде белгісіз мерзімге дейін ұсталып отырғанын сөз етеді.
Тағы бір тақырып — зейнет жасына жеткен кейбір қызметкерлердің жұмыстан кеткісі келмеуі және психотроптық дәрілер мен күшті ұйықтататын препараттардың жиі қолданылуы.
Бейнежазбаның соңында әңгімелесушілер АҚШ президенті Дональд Трамптың психиатрия саласындағы реформалары, соның ішінде мәжбүрлі емдеуді тоқтату туралы бастамалары мен Еуропадағы психикалық дертке шалдыққан адамдарды оңалту жүйесінің отандық жазалаушы психиатриядан айырмашылығы жөнінде пікір алмасады.
Еске салайық, Николай Жұмағалиев — Қазақстандағы ең атышулы сериялық кісі өлтірушілердің бірі. Ол «Темір азу» («Железный клык») деген лақап атпен де белгілі. Жұмағалиев Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Ұзынағаш ауылында дүниеге келген.
Тергеу мәліметінше, ол Алматы облысында кемінде 10 адамды, көбіне әйелдерді өлтірген. Сондай-ақ олардың қанын ішіп, етін жегені анықталған.