Мәжілістің VIII шақырылым депутаты болған Асхат Аймағамбетов «Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат ретінде ұсынылды, деп жазады Alash.kz.
Саясаткер өзіне сенім білдірген азаматтарға алғыс айтып, ел игілігі жолында аянбай еңбек етуге дайын екенін жеткізді.
“Бүгін елордада «Әділет» партиясының съезі өтіп, алдағы Құрылтай сайлауына қатысты маңызды шешімдер қабылданды.
Залда барлық өңірден келген түрлі мамандық иелерін: ұстаздар мен дәрігерлерді, кәсіпкерлер мен жастарды, ғалымдар мен өндіріс мамандарын, жалпы барлық саланың білікті өкілдерін көрдім.
Біз сайлауға баратын кандидаттар тізімі мен партия бағдарламасын бекіттік. Бағдарламамыздың басты мақсаты айқын: Жаңа Конституция құндылықтары мен талаптарын іске асыру, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бағдарын қолдау және қарапайым азаматтардың үміті мен мұң-мұқтажын шешу. Біздің бағытымыз - Әділетті Қазақстан.
Маған артылған үлкен сенім үшін алғысым шексіз. Бұл - үлкен жауапкершілік. Алдымызда маңызды сайлау науқаны тұр.
Бірлесіп, ел игілігі үшін аянбай жұмыс істейміз. Баршаңызға қолдауларыңыз үшін шын жүректен рақмет!”,- деп жазды Асхат Аймағамбетов.