Көкшетауда белсенді Марат Жанұзақовты полиция қызметкерлері ұстап әкеткені хабарланды. Бұл туралы оның қызы Айман Жанұзақова Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Alash.KZ.
Айтуынша, белсенді Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға сапарына қарсылық білдіріп, әлеуметтік желіде «Путин, Қазақстаннан кет!» деген жазуы бар плакаттың суретін жариялаған.
Жанұзақовты 27 мамырда полиция ұстап, 2-3 сағаттан кейін қайта босатқан. Белсендінің сөзінше, оны Ресей басшысының Қазақстанға мемлекеттік сапары қарсаңында Facebook-те шығарған жазбасына байланысты ұстаған.
“Мені төрт кісі аңдып отыр екен. Солар алып кетті. Сәтпаевтағы полицияда екі-үш сағаттай болдым. Сұрақтар қойды. Экстремизммен күрес бөлімінің бастығы. “Не үшін шығасыз?”, “Неге плакат жаздыңыз?”, “Сізді суретке кім түсірді? Өшіріп тастағаныңыз дұрыс болушы еді” деді. Прокуратураның адамдарын тосты. "Қазір келеді, қазір келеді "деумен болды. Ақыры ешкім келген жоқ. Түнгі 10 жарымдарда қоя берді” деді Марат Жанұзақов 28 мамыр таңертең Азаттыққа берген сұхбатында.
Еске салсақ, 2024 жылы да Марат Жанұзақов Путиннің Қазақстанға келуіне қарсы шыққаны үшін «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша жауапқа тартылған еді.