Қаламгерлер аллеясындағы оқиға желіде қызу талқыланды, деп хабарлайды Alash.kz.
Журналист әрі қоғам белсендісі Дүйсенәлі Әлімақын әлеуметтік желіде Қаламгерлер аллеясында куә болған келеңсіз жағдай туралы жазба жариялады.
Оның айтуынша, демалып отырған кезінде бірнеше жастың аллеядағы тұлғаларға қатысты құрметсіз әрекетіне тап болған. Бұл жағдайға ашуланған ол жастардың қасына барып, ескертпе жасағанын жеткізді.
«Қаламгерлер аллеясында демалып отыр едім. Кенеттен мынадай келеңсіз іске куәгер болдым. Ашу қысып қасына жетіп барып: "Бұл тұлғалардың кім екенін білесіңдер ме?" деп сұрадым. Олар "Что, что?" деуден ары аспады», – деп жазды ол.
Жазба авторы айтқан сөздерінің дәлелі ретінде оқиғаны видеоға түсіріп алғанын, ал жастардың өз әрекеттері үшін ұялмағанын және кешірім сұрамағанын атап өтті.
Ол бұл жағдайды қоғамдағы тәрбие мен тарихи тұлғаларға деген құрмет мәселесімен байланыстырып, «Бұл басыну ма, әлде надандық па?» деген сауал тастады.
Желі қолданушылары аталған жазбаға пікір білдіріп, жастардың ұлттық құндылықтар мен тарихи тұлғаларды тануы маңызды екенін айтып жатыр.