Павлодар облысында авиациялық-химиялық жұмыстар жүргізіп келе жатқан Ан-2 ұшағы апатқа ұшырады. Ұшқыштардың бірі қаза тапты, деп жазады Alash.kz.
Көлік министрлігінің мәліметінше, Ан-2 ұшағы 27 мамырда Павлодар облысындағы Железинка ауылының маңында апатқа ұшырады.
Ұшақ "Жеңіл және аса жеңіл авиация операторлары" заңды тұлғалар одағына тиесілі, ол авиациялық-химиялық жұмыстарды жүргізіп келе жатқан.
Алдын ала мәлімет бойынша, ұшу барысында ұшақ электр желісін іліп кетіп, құлаған.
Бортта екі экипаж мүшесі болған. Ұшқыштардың бірі оқиға орнында қаза тапты. Екінші ұшқышты төтенше жағдайлар қызметі ұшақтан шығарды. Ол есінен танбаған.
"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, авиациялық оқиғаны тергеумен Көлік министрлігінің Көліктегі оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру департаменті айналысады. Департамент қызметкерлері оқиға орнына жіберілді", - деп хабарлады ведомсвто өкілдері.
Қазіргі уақытта мамандар оқиғаның мән-жайын анықтауда.