Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Операция жасауға болмайды дедім”: Ақтауда пластикалық ота жасатқан депутаттың өліміне қатысты тың дерек шықты

14:41, 26 мамыр 2026

Ақтауда артық майдан арыламын деп ажал құшқан депутаттың жақындары пластикалық хирургия клиникасын жауапқа тартуды талап етіп отыр, деп жазады Alash.kz.

КТК арнасының хабарлауынша, наркоздан кейін Ербол Айтуовтың қан қысымы күрт көтеріліп, облыстық ауруханаға жеткізілген. Жансақтау бөлімінде бір ай жатып, тілге келместен көз жұмыпты. Қара жамылған отбасы липосакциядан бұрын марқұмның денсаулығы дұрыс тексерілмей, соның салдарынан қайғылы жағдай болды дейді. Ал клиника басшылығы «бізден қате кеткен жоқ» деп отыр. 

Марқұмның зайыбы Лаура Айтуова пластикалық хирургия клиникасының қызметкерлерін немқұрайлық танытты деп айыптап, заңгерлердің көмегіне жүгінген. Заңгердің айтуынша, операция алдында тапсырылған талдаулар толық тексерілмеген. Яғни анестезиолог интубацияны дұрыс жүргізбей, соның салдарынан науқастың тыныс алуында қиындық туындаған деп отыр. Соның әсерінен қан қысымы 225-ке дейін көтеріліп, қант мөлшері де күрт артып, ишемиялық инсульт алып, комаға түсіпті.

Алдирза Қуанышкереев, жәбірленуші тараптың адвокаты:

— Анализдері толық болмаған, медициналық кер әсері болған, оның ағзасында, аурулар болған, оған ешқандай тексеру жасалмаған. Қант құрамы жоғары болған. Мұндай жағдайда хирург отаға алмау керек. Анестезиолог анестезия салмас бұрын, одан екі күн бұрын әңгімелесіп, оның жағдайын білуі керек. Ондай жүргізілмеген.

Ал клиниканың бас дәрігері марқұм пластикалық ота алдында барлық дайындықтан өтті дейді. Ербол Айтуов иегінің астындағы майды алдырып, бұлшық еттерін тарттырғысы келген.

49 жастағы Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуов жекеменшік клиникада липосакция жасатпақ болған. Алайда наркоздан кейін оның қан қысымы көтеріліп, облыстық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген. Осы оқиғаға байланысты жекеменшік клиниканың бас дәрігері әлеуметтік желіде тараған кей ақпаратты жоққа шығарды. Медициналық мекеме марқұмға мұнда операция жасалмағанын және клиниканың 2015 жылдан бері лицензия негізінде жұмыс істеп келе жатқанын алға тартты.

Артур Тәжиев, «Қасиет» клиникасының бас дәрігері:

  — Операция жасаудың алдында мониторға көзім түседі. Мониторда қан қысымы 210-220-ға көтеріліп тұрады. Сол себепті мен операция жасауға болмайды, қан қысымы жоғары, кішкене күтемін дедім. Себебі наркозға организмның реакциясы әртүрлі болады. Сол себепті 160-170-ке түссе, операция жасауға бола ма деген ой болады. Онымен жарты сағат, 40 минут, бір сағат бойы қан қысымы түспеді. Сол себепті мен операция жасауға болмайды дедім.

Маңғыстау облыстық полиция департаменті аталмыш оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, марқұм Ербол Айтуов өңірге белгілі тұлға болған. Ол депутат қызметінен бөлек, Облыстық кәсіпкерлер палатасындағы маңызды бөлімдердің бірін басқарған. Қапыда қара жамылған отбасы кінәлі тұлғаларды анықтап, тиісті жазаға тартуды талап етеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар