Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қазақстан құрамасы көркем гимнастикадан Азия чемпионатында 9 медаль жеңіп алды

18:29, 26 мамыр 2026

26 мамырда Бішкекте (Қырғызстан) көркем гимнастикадан Азия чемпионаты өз мәресіне жетті, деп жазады Alash.kz.

Ұлттық олимпиадалық комитеттің хабарлауынша, турнирдің соңғы жарыс күнінде жекелей жаттығулар бойынша финалдар өтіп, жүлделер сарапқа салынды. Қазақстандық гимнастар барлық бағдарламада медаль жеңіп алды.

Ақмарал Ерекешева жарысты сәтті өткізіп, қоржынына тағы үш жүлде салды. Ол шығыршықпен орындалатын жаттығуда күміс медаль еншілеп, доп және ұршықтармен орындалатын жаттығуларда қола жүлдегер атанды. Ал Айбота Ертайқызы таспамен орындалатын жаттығуда үшінші орынға ие болды.

Топтық жаттығуларда Қазақстан құрамасы екі рет жеңіс тұғырына көтерілді. Айзере Кеңес, Айзере Нұрмағамбетова, Кристина Чепульская, Мадина Мырзабай, Аида Хәкімжанова және Жасмин Жүнісбаева бес доппен орындалатын жаттығуда екінші орын алды. Сондай-ақ ұлттық құрама үш шығыршық және екі жұп ұршықпен орындалатын жаттығуларда күміс медальға ие болды.

Айта кетейік, бұған дейін Айбота Ертайқызы жекелей көпсайыста күміс жүлдегер атанған еді. Ал топтық көпсайыста қазақстандық гимнастар жарысты үшінші орынмен аяқтады. Командалық көпсайыс қорытындысында Қазақстан құрамасы екінші орын алды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар