Қазақстанда мектеп бітіру кештерінен кейін түлектерге тарту етілген сәнді әрі қымбат гүл шоқтарының интернеттегі хабарландыру платформаларында сатылымға қойылуы қызу талқыға түсті, деп жазды Alash.kz.
Әлеуметтік желілерде жарияланған хабарландыруларда кейбір сатушылар гүлдердің «дерлік жаңа» немесе «балғын күйде» екенін атап көрсеткен. Бұл жағдай желі қолданушылары арасында түрлі пікір туғызды.
Бірі мұны әзілге айналдырып, гүлдің бірнеше күндік «өмірін» табыс көзіне айналдыруға тырысқанын айтып күлкі етеді. Екінші тарап гүл шоқтарына қомақты қаржы жұмсалғанын алға тартып, егер оны ата-анасы немесе туыстары сыйлаған болса, сатудың еш оғаштығы жоқ деп есептейді.
Ал енді біреулер мұндай әрекетті сынап, түлектердің сыйлыққа деген көзқарасына қатысты пікір білдіруде.
Желіде бұл тақырыпқа қатысты пікірталас жалғасып жатыр. Бірі мұны үнемшілдік десе, енді бірі естелік сыйлықтың сатылуын орынсыз әрекет ретінде бағалауда.