Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Президент Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді

17:30, 30 наурыз 2026

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді, деп жазады Alash.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық қауіпсіздік стратегиясын жүзеге асыру қорытындысы шығарылды.

Үкімет негізгі көрсеткіштерге қол жеткізу туралы есеп берді. Сондай-ақ бірқатар салалық мемлекеттік орган жетекшілері басты бағыттар бойынша баяндама жасады. 

Мемлекет басшысы геосаяси ахуалды ескере отырып, қоғамдық, экономикалық, экологиялық, су және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін пысықтау қажеттігіне назар аударды. 

Бұдан бөлек, отырыста Қазақстан Республикасының 2026-2030 жылдарға арналған ұлттық қауіпсіздік стратегиясының жобасы қаралды. 

Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі саналатын бұл Стратегия алдағы бес жылда болуы ықтимал сын-қатерлерге төтеп берудің негізгі тәсілдерін анықтайды. 

Жиында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин орта мерзімге арналған басымдықтар, мақсатты индикаторлар мен стратегиялық тәуекелдерді басқару механизмдері жөнінде баяндады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаңа Конституцияны қабылдау арқылы мемлекет дамуындағы жаңа кезеңге қадам басып, Қазақстанның Тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын сенімді түрде қорғауға мүмкіндік туды. 

Ал аталған Стратегия конституциялық қағидаттардың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етіп, еліміздің тұрақты әрі қарқынды дамуына жағдай жасайды.

Мемлекет басшысы ұлттық мүддені қорғау міндеттерін сапалы орындаудың маңызына баса мән берді. Оның қатарына, атап айтқанда, қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету; азаматтарды, қоршаған ортаны және ақпараттық кеңістікті қорғау деңгейін арттыру; киберқауіпсіздік шараларын күшейту және әлеуметтік-экономикалық саладағы тәуекелдерді азайту мәселелері кіреді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев экономика, білім мен технология салаларында сұранысқа ие білікті шетелдік мамандарды тартуға қолайлы жағдай жасайтын бағдарламаны жеделдетіп әзірлеуді тапсырды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар