Талдықорғанда полиция қызметкерлері 17 жыл бойы құзырлы органдардан бой тасалап келген 54 жастағы ер адамды ұстады. Ол 2008 жылдан бері мемлекетаралық іздеуде жүрген, деп хабарлайды Alash.kz.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ер адам ірі көлемде есірткі мен психотроптық заттарды заңсыз айналымға түсіруге қатысы бар деген күдікке ілінген. Ұсталмау үшін ол түрлі қалаларға көшіп, жалған құжаттар жасап жүрген.
Алайда жылдар бойғы ізденістен кейін тәртіп сақшылары күдіктінің ізіне түсіп, Талдықорғанда қолға түсірді. Қазір ол тергеу изоляторында қамауда отыр.
Мұндай қылмыс үшін Қазақстан заңында 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.