Павлодар облысында ересек ер адам жасөспірім қызды зорлаған. Жәбір көрген жасөспірімнің анасы қазақстандықтарға үндеу жолдады, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі жазды. Әлеуметтік желіде зорлыққа ұшыраған қыздың анасының видеосы тарады. Әйел Павлодар облысының құқық қорғау орғандарының әрекетсіздігіне шағымданды.
“Мен ересек ер адам тарапынан сексуалды зорлық-зомбылыққа үшыраған жасөспірім қыздың анасымын. Еліміздегі қыз өсіріп отырған барлық аналарға үндеу жолдаймын, қызым екеуміздің 3 айлық тергеу жұмыстарының нәтижесінде келген жерімізді жауыма да тілемеймін. Қызымды зорлаған ер адамның әлі күнге кәмелетке толмаған жасөсірімдермен сөйлесіп жүргенін білдім. Осы балалармен де біздің басымыздағы жағдай қайталануы мүмкін деп ойлаймын. Балаларыңызды қорғаңыздар”, – дейді әйел.
Видеоның сипаттамасында күдіктінің әлі күнге бостандықта жүргені айтылған. Полиция департаменті аталған жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалғанын атап өтті.
“Күдікті анықталып, ішкі істер органдарына жеткізілді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған қажетті тергеу іс-шараларының кешені жүргізілуде. Іс аяқталу сатысында, тергеудің толықтығы мен жан-жақтылығы қамтамасыз етіледі, қорытындысы бойынша материалдар сотқа жіберіледі”, – делінген полиция хабарламасында.