Сербия астанасы Белградта Қазақстан азаматшасының жұмбақ өліміне қатысты жақындары өз уәждерін айтты, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқиғаның анық-қанығын анықтау үшін Қазақстанның Сербиядағы елшілігі жергілікті құқық қорғау органдарымен тығыз жұмыс жүргізіп жатыр. Қайғылы жағдай бойжеткеннің біраз уақыт байланысқа шықпауынан кейін белгілі болған. Қызынан хабар ала алмаған әкесі Сербияға өзі іздеп барып, оның тұрғын үйдің алтыншы қабатынан құлап көз жұмғанын естіген.
Десе де, марқұмның жақындары оның өз өзіне қол жұмсағанына сенбейді. Олар оқиғаның ашық әрі жан-жақты тергелуін талап етіп, бұл қайғылы жағдайға бойжеткеннің Белградтағы таныстарының қатысы болуы мүмкін деп күдіктенеді.
«Елшілік Сербияның құқық қорғау органдарымен бірге оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Дипломаттар марқұмның отбасымен тұрақты байланыста», — деп хабарлады Сыртқы істер министрлігі.
Айта кетейік, бұл – шетелде отандастарымыздың белгісіз жағдайда қаза табуына қатысты алғашқы оқиға емес. Осыған дейін, маусым айында АҚШ-тың Иллинойс штатында 24 жастағы Қазақстан азаматы Әсет Құралбай да жұмбақ жағдайда көз жұмған еді. Оның үйінен жеке куәландыратын құжаттары, банк картасы және «егер өзіне бірдеңе болса, құжаттарды көрсетілген мекенжайға жеткізуді» сұраған жазба табылған болатын. Қазіргі уақытта ол іс бойынша да тергеу амалдары жүріп жатыр.