Алматыға келген ресейлік азаматшаның ЦОН мен банктердің жұмысына қатысты айтқан шағымы әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып жатыр, деп хабарлайды Alash.kz
Желіде тараған видеода бойжеткен банк картасын тез арада аша алмағанына ашуланып, бірнеше күн бойы ЦОН мен банк арасында жүруге мәжбүр болғанын айтады. Оның сөзінше, банк қызметкерлері алдымен Қазақстанда жеке сәйкестендіру нөмірін (ИИН) рәсімдеу қажет екенін түсіндірген.
Видеода ол эмоцияға беріліп, бейәдеп сөздер қолданады. Алайда көпшіліктің наразылығын тудырғаны — оның:
«Өзімді Ресейдегі өзбек сияқты сезіндім» деген сөзі болды.
Желі қолданушылары бұл пікірді басқа ұлт өкілдерін кемсіту әрі өзін өзгелерден жоғары қою ретінде қабылдады. Көптеген қазақстандықтар Қазақстанда шетел азаматтарына арналған талаптардың барлығы заң аясында жүзеге асатынын, ИИН рәсімдеу — қалыпты процедура екенін жазуда.
Кейбір пікір білдірушілер мұны шетелде бюрократияға тап болған адамның эмоциясы десе, енді бірі мұндай сөздер мен қарым-қатынас мәдениетке және қоғамға деген құрметсіздік екенін айтуда.
Айта кетейік, Қазақстанда шетел азаматтарына банк картасын рәсімдеу үшін ИИН алу міндетті талаптардың бірі болып саналады.