Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Өздеріңе өздерің шағым жасап жүрсіңдер, яғни оны жазған - өз қазақтарың» деп айтады...

01:35, 13 шілде 2024 466

С.Меңдешевтің: Ә.Бөкейхановтың мақалаларын қазақ баспасөзіне жариялау үзілді-кесілді тоқтатылуы тиіс және оны Қазақстанға жолатпау керек - деп орталық комитетке жазған ұсыныс-шағымын негізге ала отырып, Ә.Бөкейхановтан жауап алынады. Бұл жөнінде Ә.Бөкейханов А.Байтұрсыновқа:

«Меңдешұлы (С.Меңдешев, сол кездегі Қазаткомның төрағасы - Т.Ж.) жолдас «Бөкейханұлы «Еңбекші қазаққа» мақалалар жазады», - деп шағымданыпты. Бұл шағымы 15-маусымда Орталық Комитеттің жанындағы Баспа бөліміне түсіпті. Сол шағым бойынша мені сонда отырған татарлар тиісінше тезден өткізді. Мәскеу коммунистері: «Қазақтар - ұлтшылдар», - деп жалпыға жар салып, айқайлап жүр. Мен олардан: «Айтып жүргендерің не?», - деп сұрасам, олар: «Өздеріңе өздерің шағым жасап жүрсіңдер, яғни оны жазған - өз қазақтарың», - деп айтады», - деп жазды.

Ол мұндай тиым салуға шектеліп қалмай, 1916 жылғы қозғалыстың он жылдығына орай үлкен науқан өткізіп, жалған «қызыл көсемдерді» қолдан жасап, оған таптық сыпат бергісі келген кеңестік насихатшыл тарихшыларға қарсы 1926 жылы профессор Шестаковпен бірігіп «1916-1926» атты саяси зерттеуін жариялады. Онда 1916 жылғы оқиға:

«Таптық қарама-қайшылықтан туған қозғалыс емес, қазақ елінің азат санасын оятқан, отаршылдыққа қарсы бағытталған ұлт-азаттық көтеріліс», - деп баға берді.

«Сырттан билеп, астыртын нұсқау беріп» (С.Меңдешев) отырған Әлихан Бөкейханов, кеңестік жалған үгіт-насихатты жоққа шығарды. Голощекиннің Қазақстандағы жер реформасын жүргізу жобасы Мәскеуде қабылданбай қалғаннан кейін, оның үстінен аңду тіпті күшейеді. «Алдын-ала жүргізілетін тергеу жұмысына кедергі жасалмауы үшін» деген желеумен Ә.Бөкейхановтың РСФСР-дің шекарасынан тыс республикаларға шығуына тиым салынды, «күдіктінің» өзінен қолхат алды, құпия бақылау қойылды. Бұдан арғы тергеу жұмысы жандармерияның тыңшылық айла-амалы мен арандатушылық қитұрқысын әккiлiкпен меңгерген Голощекиннiң қазымыр басшылығының нәтижесiнде өте тыңғылықты түрде жүзеге асты.

Дереккөз: Тұрсын Жұртбай, "Ұраным - Алаш!..." Бірінші кітап.-Алматы, 2019

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?